
Өжет шағын ауданының тұрғындары жерді арзан бағаға сатуға қарсы шығып жатыр. Алматы әкімдігі Тілендиев көшесін ұзарту үшін жүздеген жер телімін сатып алуды көздейді. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Қала билігінің мәліметінше, 3 желтоқсан Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті. Әкімдік өкілімен жүздесуге отыз шақты адам келді. Олар Тілендиев көшесін ұзарту үшін сатып алынатын жер телімдері мен тұрғын үйлердің өтемақысына қатысты мәселені талқылады.

Шаханов қала дамып келе жатқанын, жаңа жолдар мен әлеуметтік нысандар қажет екенін айтқан. Сонымен бірге ол шаһар билігі бағаға ықпал ете алмайды деп мәлімдеген.
«Сондықтан жер телімдері тәуелсіз бағалау арқылы нарық құны бойынша сатып алынады. Әкімдік бұл бағалауға әсер ете алмайды», – деп таратты әкімдіктің баспасөз қызметі.
Өжет тұрғындары бағалау қорытындысымен келіспейтінін айтты. Әкімдік дерегінше, көпшілігінің жер мен тұрғын үйге қатысты қажетті құжаты жоқ.
«Қазір мұндай меншік иелерінің саны шамамен 30 адам. Әрқайсысына заң аясында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, жылжымайтын мүлікті ресімдеуге көмектесу тапсырылды», – делінген мәліметте.
Жер қатынастары басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп, бағалау компаниясының өкілдерімен кездесу ұйымдастыру жүктелді. Мамандар тұрғындарға мүлікті бағалаудың өлшемдерін түсіндірді.
Әкімдік мәліметінше, мұнда қайта сатып алынатын 467 жер телімінің 70-і қала балансына өтті.
Алматы билігі Тілендиев көшесін ұзарту жобасын кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатыр. Енді ол Өжеттегі жерлерге тіреліп тұр.
Бұған дейін Kursiv.Media мегаполисте Саин көшесін ұзарту алты жылдан бері неге бітпей жатқаны туралы жазған.