Жаңалықтар

Pornhub сайтының бұрынғы қожайыны Лукойл активтеріне көз тікті

Лукойл лого
фото: shutterstock

Ересектерге арналған Pornhub сайтының бұрынғы қожайыны Бернд Бергмайр санкцияға ұшыраған «Лукойл» мұнай компаниясының шетелдегі активтерін сатып алғысы келеді. Аустриялық кәсіпер АҚШ қаржы министрлігіне өтініш түсірді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Агенттік мұндай мәліметті жағдаймен жақсы таныс екі түрлі дереккөзге сүйене отырып таратты. Құрама Штаттар енгізген шектеулер «Лукойл» ресейлік компаниясына шетелдегі активтерін саудаға шығаруға мәжбүрледі. Қазірдің өзінде ірі мұнай жобаларына Exxon Mobile, Chevron секілді алпауыттар қызығып отыр. Енді олардың қатарына Бергмайер де қосылды.

Кәсіпкер «Лукойлдың» нақты қай активі қызықтыратынын айтпады.

«Lukoil International GmbH компаниясы жақсы инвестицияға айналар еді. Әркім мұндай активті иеленгісі келеді», – деп қысқа жауап берді Бергмайер Reuters-ке.

Қараша айында АҚШ қаржы министрлігі компанияларға Лукойлмен келіссөз жүргізуге 13 желтоқсанға дейін рұқсат берген.

«Лукойл» мұнай компаниясының Қазақстан, Өзбекстан, Ирак және Мексикада мұнай иеліктері бар. Оның активтеріне Еуропада бірнеше мұнай өңдеу зауыты жатады. Бұған қоса, мұнай компаниясының бүкіл әлемде жүздеген жанармай құю бекеті орналасқан.

«Лукойл» активтерінің құны 22 млрд долларға бағаланған.

1990-жылдары Goldman Sachs-та істеген Бергмайер жеке инвестициямен айналысады. Оған дейін кәсіпкер Pornhub, RedTube және YouPorn секілді сайттарға ие компанияның басты қожайындарының бірі болған.

2021 жылы The Sunday Times Rich List Брегмайерді Ұлыбританияның ең бай адамдары тізіміне қосып, дәулетін 1,2 млрд фунт стрелингке бағалаған.