Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан 70-ке жуық ауыл бар

Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 66-ға жетті. Бұл туралы Kursiv.Media осы өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Облыста, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы аясында, алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайтын ауылдар көбейіп келеді.
Былтыр салауатты өмір салтын жақтайтын ауыл саны 30-ға жеткен. Оның ішінде, Ордабасы мен Мақтарал аудандарынан 5 ауыл, Келес ауданында – 4, Сайрам ауданында – 3, Қазығұрт, Төлеби және Сауран аудандарында – 2, Отырар, Жетісай және Арыс аудандарында түгелдей бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан бас тартқан.
Биыл өңірде ішімдіксіз ауыл саны жетпіске жақындап қалды. Солардың бірі – Түлкібас ауданындағы Еңбек ауылы. 131 үйі, 1 мыңнан аса тұрғыны бар елдімекенде кейінгі 3 жылда алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды. Ал кейінгі 2 жылда мұнда бір де бір қылмыс тіркелмеген.
«Отбасылық береке мен тыныштықты нығайту — ауыл тұрғындарының басты ұстанымына айналған», – деп таратты өңір әкімдігі.
Түркістан облысында мектептерде, мешіттер мен мәдениет үйлерінде «Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі» атты кездесулер өткізіліп, жастарға алкогольдің зияны жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Қазір ауыл тұрғындары той-мерекелерді де ішімдіксіз өткізуді дәстүрге айналдырып, қоғамға үлгі боларлық орта қалыптастырған.
Қазақстанда ішімдіктен бас тартқан ауыл көп. Мәселен, Атырау облысында 50-ден астам ауылда алкоголь сатылмайды. Ал Қостанай өңірінде 20-ға тарта ауыл ішімдіктен бас тартқан.
Бұған дейін Kursiv.Media алты жыл бұрын ішімдіктен бас тартқан Бояулы ауылында да бір де бір қылмыс тіркелмегені туралы жазған.