Түркістанда 7 минуттық тарихи роликке 100 млн теңге жұмсамақ болған

Түркістан облысында жеті минуттық тарихи роликке 100 млн теңге бөлген. Бұл оқиға көпшіліктің сынына ұшырап, облыс әкімі тексеріс жүргізуді тапсырды.
«Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған шарттың жасалған жағдайларын жан-жақты тексеруді, соның ішінде қажетті рәсімдердің сақталуын және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды», – деп жазылған облыс әкімдігінің хабарламасында.
Дауға себепші болған «Ұлы Дала Елі орталығы» мекемесі «G7 Exclusive» ЖШС-ға тапсырыс берген ролик. Мәдениет басқармасының мәліметінше, видеоролик Қазақстан тарихын ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін түрлі көркемдік формалар арқылы көрсетуі тиіс. Оған петроглифтер, «аң стилі», шығыс миниатюралары, ұлттық өрнектер, кескіндеме, графика және өзге де өнер бағыттары кіреді.
Видеоматериал арнайы голографиялық шоу-залда көрсетіледі. Роликтің ұзақтығы – 7 минутқа дейін. Келісім-шартқа сәйкес, материалды осы жылдың соңына дейін аяқтауы керек.
Бұған дейін Шымкенттегі құны миллиард болатын мемлекеттік сатып алу туралы жазған едік. Қаладағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысы және кіші айналма жолға жолайрық салуға 9,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ әзірге мердігер анықталған жоқ.