Жамбылда өгей балаларын құлдықта ұстаған азамат сотталды

Тамызда Жамбыл облысында жасөспірімдерді өгей әкелері «құлдықта ұстады» деген ақпарат тарап еді. Полиция іс қозғап, Талас аудандық соты ер адамға қатысты үкім шығарды.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам 2019-2025 жылдар аралығында өгей балаларын азаптаған. Олардың екеуі қазір 17 жаста. Үшінші бала биыл 10-ға келген. Биыл оны да ағаларымен бірге жұмыс істеуге жіберген.
«Өгей әкесі балаларды шаруа қожалығының аумағында қоғамнан оқшаулап, олардың оқуы мен дамуына кедергі келтіріп, еңбекке мәжбүрлеп, тамақтануларын шектеді. Сотталушы олардың еңбегінен түскен табысты өзінің жеке мүддесіне пайдаланды»,-деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот ер адамды «Азаптау» бабы бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Оның жазасын жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайлар табылған жоқ. Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Талас ауданында құлдықта болған жасөспірімдердің ісі бойынша күдікті қамауға алынғанын хабарлағанбыз. Жапа шеккен балалар Тараз қаласындағы Балаларды қолдау орталығына орналастырылып, оларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетілген.