СҚО әкімі үй құстарының жаппай қырылу себебін түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: shutterstock

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғаузез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданының ауылында үй құстарының қырылуына байланысты тұрғындарға өтемақы төлене ме деген сұраққа жауап берді.

Құстардың қырылуы Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылында тіркелген. Әкімнің айтуынша, оқиға 21 аулада орын алған.

«Бүгінде қырылған құстардың жалпы саны – 7236 бас, оның 98%-ы – қаз. Сонымен қатар күркетауық, үйрек және басқа да үй құстары бар. Қазіргі қолданыстағы ветеринария туралы заңға сәйкес, бізде Ұлттық ветеринариялық референттік орталық бар. Сол жерде талдау жасалып, құстардан жұқпалы аурудың бар-жоғы тексерілді. Бүгінде шыққан диагноз – пастереллез. Ауылда облыстың індетке қарсы жасағы жұмыс істеп жатыр. Қажетті шаралар жүргізілуде, қазірдің өзінде құстардың 90%-ы жойылды», – деді Ғаузез Нұрмұхамбетов Астанада өткен брифинг кезінде.

Оның айтуынша, егер құстар пастереллезден қырылса, заң бойынша өтемақы қарастырылмаған.

«Бірақ бізде тәжірибе бар. Мысалы, Бугровое ауылында осындай жағдай болғанда… Бүгін аудан әкіміне тапсырма берілді, тауар өндірушілермен бірлесіп қаржы көздерін табу. Бугровое мен басқа да елді мекендердегі жағдай қайталанған жағдайда, пастереллез диагнозы расталса да, құстың құнының кемінде 50%-ын өтеп беру мүмкіндігін қарастыру мақсатымыз», – деді облыс әкімі.

Еске салайық, Каспий жағалауында да құстар қырылып жатыр. Өңірдегі Форт-Шевченко, Қызылөзен, Аташ және Баутино елдімекендерінің теңіз жағалауында 13 құстың өлексесі табылған. Өлекселер арасында үйрек, шағала, қаратұтан бар. 

Сондай-ақ оқыңыз