
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жоғары аудиторлық палата анықтаған 28 млрд теңге көлеміндегі бюджетке қатысты заңбұзушылықтар ұрлықпен байланысты емес екенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл қаражаттың басым бөлігі қазірдің өзінде бюджетке қайтарылған, қалған сома бақылауда тұр.
Аудиторлық палата жүргізген тексеру өңірдегі барлық ведомствоны қамтыған. Тексерілген қаражаттың жалпы көлемі – 215 млрд теңге. Соның ішінде 28 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталса, оның 90 %-ы немесе 25 млрд теңгесі бюджетке қайтарылған.
«Ең бастысы, бюджет қаражатын ұрлау немесе мақсатсыз пайдалану фактілері тіркелмеді. Барлық бұзушылық тек рәсімдік сипатта, құжаттардағы сәйкессіздік пен мемлекеттік қызмет көрсетудегі кемшіліктерге байланысты», – деді Нұрмұхамбетов ОКҚ брифингінде.
Ол қалған 3 млрд теңгені де қайтару жоспарланып отырғанын айтты. Бұл бағытта ұсыныстардың орындалуын бақылау үшін арнайы комиссия құрылған.
«Соңғы тиынына дейін бәрі қайтарылады», – деп баса айтты әкім.
Тексеру қорытындысы бойынша 17 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған: бесеуіне әкімшілік, 12-сіне тәртіптік жаза қолданылған.
Өңірдің оң көрсеткіштері де аталды. Әкімнің айтуынша, аудиторлар облыстың дамуында оң өзгерістерді де атап өткен. Соңғы бес жылда:
- жалпы өңірлік өнім 20,7%-ға артқан,
- өнеркәсіп өндірісінің көлемі 41%-ға өскен,
- агроөнеркәсіп кешенінің үлесі 13,7%-ға ұлғайған,
- тұрғын үй құрылысы көлемі 305–310 мың шаршы метрге жеткен.
Сонымен қатар, палата дерегі бойынша, өңірде кедейлік деңгейі төмендеген. Бұл да мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсететін оң көрсеткіш ретінде танылды.
Мұның алдында СҚО-ға жүргізілген аудит нәтижесі жарияланғаны жайлы жазған едік. Аудит нәтижесінде көрсетілгендей өңірде облыстан көшу, мектеп мәселесі өзекті болып отыр.