Жаңалықтар

Ақмола облысында көктайғақтан жаппай апат болды

Ақмола облысында көктайғақтан жаппай апат болды / Фото: Ақмола облысының полиция департаменті

Ақмола облысындағы Екатеринбург-Алматы тас жолында болған жаппай апат салдарынан екі адам жарақат алды, деп хабарлады облыс полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға 5 желтоқсанда сағат 14:21 шамасында автомобиль жолының 1300-ші шақырымында болған.

«Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары Астана қаласы бағытында келе жатқан DAF маркалы жүк көлігінің жүргізушісі тайғақ жолда көлікті басқара алмай жол шарбақтарына соғылғанын анықтады. Артынан келе жатқан Chevrolet Cobalt және Toyota Highlander көліктері де көктайғақтан көлікті басқара алмай жүк көлігіне соғылған», — деп хабарлады полиция.

Апат салдарынан екі жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ, жол оқиғасын көрген Kia K5 жүргізушісі баяулауға тырысып, алайда көлікті басқара алмай шарбаққа соғылған. Бұл жағдайда зардап шеккендер жоқ.

Тексеру қорытындысы бойынша қатысушы тұлғаларға қатысты қажетті тергеу жүргізу шаралары қабылданады.

Полиция жүргізушілерден ауа-райына байланысты бірқатар жол учаскелеріндегі шектеулі жылдамдықты ескеруді, сондай-ақ, 112 төтенше жағдай туралы хабарламалар мен жолдардың жай-күйін бақылауды сұрайды.