Жаңалықтар

Балаларға қаржылық сауаттылықты үйрететін мультфильмдер шығады

Фото: видеодан алынған скрин

Балаларға қаржылық сауаттылықты үйрететін «Қаржы әлемі» атты отандық мультфильм жарыққа шығады. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, балаларға ақшаны басқарудың негізгі дағдыларын үйрететін анимациялық фильмді  Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық Банкі бірлесіп дайындаған.

«Қаржы әлемі» – орман қалашығында өмір сүретін мектеп оқушылары туралы 12 бөлімнен тұратын мультсериал. Әр серияда Барыс, Арқар, Құлан, Сілеусін, Тиін, Сұртышқан, Кірпі сияқты кейіпкерлердің күнделікті өмірде кездесетін қаржылық жағдаяттары көрсетіледі. Ақшаны дұрыс жұмсау, жинау, жоспарлау, еңбек ету қарапайым тілде түсіндіріледі. Сонымен қатар, алаяқтардан және қаржылық пирамидалардан сақтану дағдылары кейіпкерлердің тәжірибесі арқылы берілген», –  делінген министрлік хабарламасында.  

Мультсериал қазақ, орыс тілдерінде әзірленген. Сценарийін қаржы және білім беру саласындағы сарапшылар бірлесіп жазған.

Айта кетейік, жақында жарыққа шыққан Disney студиясының анимациялық «Аңдар шаһары 2» (Зверополис 2) фильмі Қазақстан прокатында рекорд орнатқанын жазғанбыз. Картина алғашқы аптада 989 920 997 теңге жинады. Анимациялық фильмге қазақ және орыс тілдерінде дубляж жасалды.

Қазақша нұсқада кейіпкерлерді сөйлеткен жұлдыздар: актриса және әнші Сабира Жарасқызы – Джуди Хоппстың дауысы, театр және кино актёры Бақытжан Әлпейіс – Милтон Рыcевичтің дауысы, театр және кино актёры Асан Мәжит – Бого Басекенің (Капитан Буйволсон) дауысы, театр және кино актёры Еркебұлан Дайыров – Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын салды.