
Түркістан облысы Арыс қаласындағы №17 колледж студенттері жаппай төбелесіп, бір адам жарақат алған. Студенттердің сөзінше, жоғарғы курста оқитындар әлімжеттік көрсеткен. Үнемі ақша жинатып отырған. Колледж әкімшілігі бұл жайдан хабардар, мәселе шешіліп жатқанын айтты.
«Шәкіртақы түскен сайын ақша жинайды»
27 қараша күні күндіз Түркістан облысы Арыс қаласындағы №17 колледж алдында жаппай төбелес болған. 2-курс студенттерін 1-курс студенттері ұрып тастаған. Бұған олардың әлімжеттік көргені себеп болуы мүмкін.
Төбелесте болған 1-курс студенті Санжар Есімбектің айтуынша, жоғарғы курс студенттері қыркүйек айынан бастап олардан ақша талап еткен. Ақша болмаса таяқтың астына алған.
Оның сөзінше, ертеңіне учаскелік инспектор колледжде төбелеске қатысқан студенттерді шақырып, кабинетке кіргізіп мән-жайды сұраған. Жағдайды білген соң өзін шапалақпен ұрған. Артынан жерге жатқызып тепкілеген. Содан кейін Санжар Есімбек барлық мән-жайы ата-анасына айтып берген.
Оқиға ішінде 1-курс студенті Дінмұхаммед Абдулхамит те болған. Жаппай төбелестен соң оны да полиция қызметкері шақырып балағаттаған. Мұның бәрін колледж директорының орынбасары көрген. Ол жоғарғы курс студенттері тұрақты түрде ақша беруді міндеттеп жатқанын инспекторға, колледж әкімшілігіне айтып шағымданған.
«Қуаныш ағайға (учаскелік инспекторды айтады – ред.) жоғарғы курс студенттері ұрып, ақша сұрайтынын айттық. Ешкім көмектеспеген соң, біз де қарсы шығып ұрдық. Негізі үш бала болып жүреді. Жалпы осы уақытқа дейін 30-40 мың теңге бердік. Ақша бермесең қысады, дәретханаға алып барып ұрады», – дейді Дінмұхаммед Абдулхамит.
Дінмұхаммедтің әкесі Әбдіраман Абдуллаев ақша жинау мәселесін айтып, бұдан бұрын да жиналыс өткізілгенін жеткізді. Айтуынша, 2-курс студенттері ұлына курстастарынан ақша жинап бересің деп талап еткен.
«Әлімжеттік көріп, шыдамы таусылған соң, 2-курстың студенттерін ұрған. Баламның айтуынша, ерегіс болған, арты төбелеске айналған. Таяқ жеген 2-курс студенттері арызданып отыр. Ақша жинауды тоқтатуды сұраймыз. 14-15 жасар бала ақшаны қайдан алады?», – дейді ол.
Колледж әкімшілігінің уәжі
Колледж директорының орынбасары Бауыржан Орынбай студенттер арасында жаппай төбелес болғанын растады. Айтуынша, студенттермен, олардың ата-аналарымен сөйлескен. Дегенмен мәселе әлі толық шешілмеген.
«Күш көрсету және басқа да әлімжеттік болса хабар беріңдер деп үнемі айтамыз. Дегенмен олар осы уақытқа дейін айтпай келді. Төбелес, бірімен-бірі ерегісу туралы хабар енді шықты. Қазір анықтау жұмысы жүріп жатыр», – деді Бауыржан Орынбай.
Директордың орынбасары оқушылардан ақша бопсалау жайынан хабардар екенін айтты. Ал инспектордың шағымданып келген оқушыларды ұрып-соққанын білмейтін болып шықты.
Колледж директорының тәрбие ісі жөнінде орынбасары Шынар Асанова төбелеске және ақша жинауға көрші мектеп пен колледж оқушыларының да қатысы болуы мүмкін деп отыр. Оның сөзінше, жатақханада жатқан оқушылардың күн тәртібіндегі мәселе құқықбұзушылықтың алдын алу.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Түркістан облыстық полиция департаменті студенттер арасында болған төбелесті растады. Департамент дерегінше, Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаға қатысушылар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген. Дегенмен екі тарап қылмыстық істі жүргізуге қажетті рәсімдеуден өтуден бас тартқан.