КҚК-ға шабуылдан кейін Қазақстанның мұнай өндірісі азайды – Reuters

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: КҚК

Каспий құбыр концорциумы терминалы зақымданғаннан кейін экспорт шектеліп, Қазақстанның мұнай өндірісі азайды. Бұл жайлы Reuters ақпарат таратты.

Басылым Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі терминалына Украина Қарулы күштері жасаған шабуылдан кейін Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру желтоқсанның алғашқы екі күнінде 6 пайызға қысқарғанын хабарлайды.

«КҚК арқылы тасымал қайта жанданды, бірақ екі ВПУ-дың (теңіздегі айлақ құрылғылары) орнына тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Reuters дереккөздерінің айтуынша, бұл жағдай Қазақстанда желтоқсанның алғашқы екі күнінде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемінің қарашадағы орташа деңгеймен салыстырғанда тәулігіне 1,9 млн баррельге дейін төмендеуіне апарып соқты», – делінген басылым жазбасында.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров КҚК-ның бір айлақ құрылғысы толыққанды жұмыс істеп тұрғанын және тасымалдауға ешқандай шектеу жоқ екенін мәлімдеген. Алайда Reuters дереккөздері желтоқсанда Қазақстан КҚК өткізу қабілетінің төмендеуін өтеу үшін Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры арқылы жеткізілімді арттыруға мәжбүр болатынын хабарлайды.

Қосымша бағыттар – Новороссийск және Усть-Луга порттары. KEBCO брендімен, сондай-ақ «Дружба» құбыры арқылы Германияға жөнелтілетін мұнай – маржасы төмен әрі Ресейдің «Транснефть» компаниясының мүмкіндіктеріне тәуелді. Қайта бағыттау мүмкіндіктері шектеулі. Ресейдің құбыр инфрақұрылымы мұнай өңдеу зауыттары мен экспорттық нысандарға жасалған дрон шабуылдарының сериясынан кейін шамадан тыс жүктелген.

Дереккөздің бағалауынша, КҚК-ның бір ғана ВПУ-мен жұмыс істеуі аптасына шамамен 900 мың тонна мұнай тиеу мүмкіндігін қысқартады.

29 қарашада Украинаның дрондары мұнай құбырына шабуыл жасап, теңіз терминалындағы бірнеше нысанға зақым келген.

Бұл жайтқа қатысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірді. Алайда Украина мұнай құбырына жасалған шабуыл Қазақстанға бағытталмаған деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз