Тоқаев кәсіпкерлердің Салық кодексіне қатысты өтініштерін ескеру керек деп есептейді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерінің жаңа Салық кодексіндегі бірқатар нормаларға қатысты алаңдаушылығын ескеру қажеттігін айтты. Бұл туралы ол «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, кәсіпкерлер жаңа кодекстегі кейбір нормаларды іске асыру кезінде туындауы мүмкін мәселелер туралы өтініштерін жолдап жатыр. Ол өтініштердің мазмұны қоғамға белгілі екенін және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын атап өтті.
«Үкімет бұл өтініштерді мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп сенемін. Басқа жол жоқ, бұл – мемлекеттік деңгейдегі міндет», – деді Тоқаев.
Президент салықтық әкімшілендіруді жетілдіру қажеттігін ерекше атап өтіп, цифрлық құралдарды қолдану арқылы бизнестің көптен бері көтеріп келе жатқан түйткілдерін шешуге болатынын айтты.
2026 жылдан жаңа Салық кодексі өз күшіне енеді. Соған сәйкес, қосыған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға көтеріліп, жылдық қаржы айналымы 40 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер де осы салықты төлеуі тиіс. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық кодексі күшіне енсе, елде 300 мыңға жуық бизнес жабылуы мүмкін деп мәлімдеген.