Toyota Wildlander: RAV4-тің қытайлық баламасы несімен ерекшеленеді, қанша тұрады

Жарияланды
фото: ашық дереккөзден

Соңғы жылдары Қазақстан автонарығында елге ресми әкелінбеген, тек Қытай ішінде ғана жүруге тиіс көліктер көбейе бастады. Мәселен, Toyota Wildlander көлігінің келе бастауы – соның айқын дәлелі. Toyota RAV4 моделінің Қытай нарығына арналған нұсқасы саналатын бұл көлік ресми түрде Орталық Азия елдеріне жеткізілмесе де, параллель импорттың арқасында елге жеткізілуде.

Қытайлық нарық алпауыт. Сондықтан әлемдік брендтер тек Аспан асты елінің нарығы үшін  құрастырылатын көліктерді көбейте бастаған. Сонымен қатар Қытайдың автонарығында ішкі бәсеке күшті. Сол себепті жапониялық, еуропалық автобрдентер өз «заңдылықтарынан» аттап, ҚХР автонарығының заңдылықтарына бейімделген, тартымды көліктер өндіруге көшкен. Toyota Wildlander де осы заңдылықтың «құрбаны». Аты Toyota болғанымен, Қытайға арнап құрастырылғандықтан көршіміздің көліктеріне көбірек ұқсайды. Бағасы төмен, түрі, жабдықталуы тартымды. Сондықтан болар қазақстандық автокөлік форумдарында, Telegram арналарында және түрлі хабарландыру сайттарында Wildlander жайлы пікірталастар жиілеп, оны талқылайтындар қатары көбейіп келеді. Сатып алушылардың да қызығушылығы байқалады.

Қазақстанда Wildlander неге аз кездеседі?

Қазіргі таңда Wildlander-ді еліміздегі сату алаңдарынан сирек кездестіресіз. Қазақстанның ішінде бұл модельді сатылымнан табу қиын, ұсыныстар саусақпен санарлық қана. Ал көрші Қырғызстан мен Ресейде көбірек сатылады, соңғысында тіпті ресми сатыла бастады.

Бұл жағдайдың себебі түсінікті: Wildlander тек Қытайда, осы елдің нарығына арналып шығарылады, ал оны біздің нарыққа жеткізетін логистикалық тізбектер әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Соған қарамастан, соңғы екі жылда сұр дилерлер арқылы аздап келе бастаған. Мәселен, қазіргі кезде Алматы, Астана сынды ірі қалаларда бірен-саран Wildlander кездеседі.

Неге Wildlander-ге сұраныс арта бастады

Қызығушылықтың басты себебі – баға мен сапаның үйлесімі. Wildlander – RAV4-тің техникалық «егізі»: TNGA-K платформасы бірдей, дәл сол 2.0 M20A-FKS қозғалтқышы, Direct Shift CVT вариаторы, алдыңғы немесе толық жетек. Көліктің өлшемдері де, аспа құрылысы да, басқару стилі де RAV4-ке айна-қатесіз келеді. Айырмашылығы сыртқы шанағы мен қытай нарығына арналған салон элементтері ғана. Мысалы, кез-келген қытай көлігінің «сәніне айналған» салонның ортасындағы 15,6-дюймдік экранды RAV4-тен таппайсыз.

Бірақ ең маңыздысы – баға. Wildlander RAV4-ке қарағанда 2-5 млн теңгеге арзан түседі, ал бұл Қазақстандағы сатып алушы үшін үлкен артықшылық және заты қытайлық болғанымен, жапон брендіне деген сенім де тартады.

Қырғызстан мен Ресейдегі баға диапазоны

Wildlander Орталық Азияда негізінен Қырғызстанға келеді. Бішкектегі хабарландыруларда 2021-2022 жылғы, 10-70 мың шақырым жүрген үлгілер көп кездеседі. Орташа бағасы – 16-23 мың доллар. Арзан нұсқалары әдетте кедендік рәсімдеуден өтпеген, ал толық рәсімделгендерінің құны қымбатырақ.

Қазақстанға әкелу кезінде сатып алушы қосымша үшінші тарап шығындарын ескеруі керек: жеткізу, кедендік рәсімдеу, утильалым, тіркеу. Осылайша, Қазақстанда көліктің «дайын» құны бастапқы бағадан шамамен 1,5-4 мың долларға жоғары болады.

Қандай тәуекелдер бар?

Ресми жеткізілімнің болмауы бірқатар қиындық тудыруы мүмкін. Кейбір автомобильдердің құжаттарын рәсімдеу күрделі болуы ықтимал, бірнеше делдалдың қолынан өткен нұсқалар да кездеседі.

Сонымен қатар мультимедиялық жүйе қытайша болғандықтан, оны қазақ/орыс тіліне бейімдеу үшін қайта бағдарламалау немесе аудо жүйені ауыстыру қажет болады. Орыс тілі жақында ғана таныстырылған жаңа үлгісіне ресми қосылған. Гибрид нұсқасы алынған жағдайда, батареяның жағдайын мұқият тексерген жөн. Дегенмен бұл тәуекелдер параллель импорттағы басқа модельдерге де тән және көпшілікке жақсы таныс. Тәуекелге барып үйреніп қалған қазақстандық сатып алушылар бұған да қарамауы мүмкін. Бастысы бәрі бар, қытайлық болса да Toyota.

RAV4 көшірмесінің Қазақстанда болашағы бар ма?

Жоғарыда атап өттік, Қытай нарығына арналған көліктерге әлемдік танымал брендтер қытайлық ерекшеліктерді енгізеді. Ол бағаның төмен болуы, соған қарамастан еуропалық ең қымбат көліктерде кездесетін жабдықталу, мысалы, салондағы үлкен экран, мультимедиа, массаж. Ал қазақстандық сатып алушы үшін танымал әлемдік брендке бұл «мүмкіндіктердің» қосылуы кез-келген көлікті тартымды етеді.

Бұған елдегі жаңа кроссоверлер бағасының қымбат, утильалымның жоғары болуы және ресми дилерлердегі тапшылықты қосыңыз. Сұр жолмен келген Wildlander-ді тіпті тартымды ете түспей ме? Қазірдің өзінде баяу болса да өсіп келе жатқан сұранысқа қарасақ RAV4-тің көшірмесі алдағы жылдары қазақстандық біртүрлі автонарықта орны бар көлікке айналдыруы мүмкін.

Еске сала кетсек, осыған дейін Mazda компаниясы дәл осы RAV4-ке ұқсас CX-5 кроссоверін шығарған еді.  

Сондай-ақ оқыңыз