
Сенат әзірлеген жаңа құжатта құрылыс кезінде компаниялардың отандық өнімді пайдалануын бақылауды мәслихаттардың депутаттарына жүктегелі жатыр.
Сенат жақында «Машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тың құжатты әзірлеген.
«Заң жобасы аясында мәслихаттарға мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен салынатын нысандарда отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын қолдану талаптарының сақталуын мониторингтеу жөніндегі комиссиялар құру құзырет беру туралы түзету қарастырылған», – делінген Олжас Бектеновтің депутаттарға берген жауабында.
Жалпы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) 2017 жылғы бұйрығына сәйкес жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында отандық тауар өндірушілердің материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын және жабдықтарын таңдау басымдыққа ие.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес отандық тауар өндірушілерден тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді басым сатып алу көзделген.
Отандық өндіріске басымдық беру мәселесін премьер-министрдің алдында «Қазақстан халық партиясы» көтерген еді.
Өткен айда Қазақстанның 16 өңірінде мандатын тапсырған депутаттардың орнына келетін депутаттарды сайлау науқаны өткен еді. 71 бірмандатты сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттарын сайлау (қосымша сайлау) ұйымдастырылған. Оның ішінде 4 облыстық мәслихат депутаты, 15 қалалық мәслихат депутаты, 52 аудандық мәслихат депутаты сайланған.