Жаңалықтар

Отбасы банк зейнетақы ақшасын пайдалануды тағы қандай ем-домнан алып тастайды

Фото: kursiv.media

Мәжілістің қоғамдық палатасында елдегі баспана мәселесі талқыланды. Отырыстан кейін кулуарға шыққан Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Қазір бұл тізімде өте аз қызмет түрі ғана қалды. Ешбір қазақстандық осы тізім бойынша жүгінбесе екен деймін. Оның ішінде сирек кездесетін (орфан) аурулар мен онкологиялық сырқаттарға қатысты жағдайлар бар. Сондықтан өтінімдер өте аз болады деп есептеймін», – деді Ләззат Ибрагимова.

Журналистер төрайымнан «Азаматтар бұл тізімді теріс мақсатта пайдаланып кетуі мүмкін емес пе?» деп сұрады.

«Мен қазақстандықтың зейнетақы төлемін алу үшін өзіне онкологиялық диагноз ойлап табады дегенге сенбеймін. Халқымыздың ақыл-парасатына сенемін. Біз – ең алдымен өз денсаулығын ойлайтын адамдармыз. Әр азаматтың жағдайы жақсы болғанын қалаймын», – деді Ибрагимова.

Айта кетейік, енді зейнетақы қаржысы офтальмология үшін алынбайтыны жайлы жазғанбыз. Офтальмологиялық қызметтерді біржолғы зейнетақы төлемдерімен төлеуге арналған өтінімдер enpf-otbasy.кz платформасында қабылданбайды. Бұл өзгеріс 4 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Сондай-ақ зейнетақы жинақтарын тіс емдеуге аудару тоқтатылды. Бұл туралы «Отбасы банк» хабарлады.