Жаңалықтар

Ел өңірлері Қытай мен Ресей тауарларына  қаншалықты тәуелді (инфографика)

Ресей импорты неге қысқарды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның импорт картасы соңғы төрт жылда көз алдымызда өзгерді. Бұрын сырттан келетін әрбір екінші тауар дерлік Ресейден келсе, бүгінде бұл тепе-теңдік мүлде басқа бағытқа ойысып жатыр. Қазақстан нарығында бір кезде үздіксіз үстемдік құрған Ресейдің ықпалы бәсеңдеп, оның орнын Қытайдың жедел әрі агрессивті экономикалық экспансиясы басып келеді.

Бұл -жай ғана статистика емес. Бұл – Қазақстан экономикасының бағытын өзгертіп жатқан үлкен трансформация. Логистика, геосаясат, валюта бағамы, бизнес стратегиялары -бәрі бірге біздің импорт құрылымын қайта жазуда. Ең қызығы, 2025 жылы тарихта алғаш рет Ресей мен Қытай Қазақстан импорты үшін тең бәсекелеске айналды: екеуінің үлесі бірдей деңгейге жетті.

Қазақстан енді қай елге көбірек бет бұрады? Қандай секторда қандай ел басымдыққа ие? Бұл өзгеріс ұзақ мерзімді тренд пе, әлде уақытша құбылыс па?
Төмендегі талдауда осы сұрақтардың бәріне жауап іздейміз.

Инфографика 01: Қытай мен Ресей импорты 2021-2025 жылдар аралығы

Қазақстан импортының жаңа географиясы: Ресейдің ықпалы төмендеп, Қытай күшейіп келеді

Соңғы төрт жылда Қазақстанның сыртқы сауда құрылымы айтарлықтай өзгерді. Әсіресе, импорт нарығында Ресей мен Қытайдың үлес салмағы бір-біріне жақындап, бұрын болмаған бәсеке қалыптасты. Графикадағы деректер осы трансформацияның нақты көрінісін көрсетеді.

Ресейдің үлесі: 43%-дан 29%-ға төмендеу

2021 жылы Қазақстан импортындағы Ресейдің үлесі рекордтық 43% болды. Бұл — әрбір әкелінетін 100 долларлық тауардың 43 доллары Ресейден келеді деген сөз.
Алайда 2021–2025 жылдар ішінде Ресейдің үлесі үнемі төмендеп, 2025 жылдың алғашқы жартысында 29%-ға дейін түсті.

Инфографика 02: Еліміздегі өңірлердің  Ресей импортына тәуелділігі

Бұл төмендеу ресейлік импорт көлемі 2021–2024 жылдары 5,6%-ға артқанына қарамастан орын алды (17,6 млрд доллардан 18,6 млрд долларға дейін). Алайда оның Қазақстан импорты құрылымындағы үлесі 2021 жылғы 43%-дан 2024 жылы 31%-ға, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 29%-ға дейін қысқарды.

Ең үлкен құлдырау ірі қалалар мен өңірлерде байқалады.

  • Алматыда Ресейдің импортидегі үлесі 35%-дан 20%-ға түсіп кеткен.
  • Шымкентте – 38%-дан 22%-ға.
  • Қостанай облысында – 52%-дан 23%-ға.
    Елеулі азаю Жамбыл (45%-дан 27%-ға), Қарағанды (62%-дан 44%-ға) және Қызылорда (41%-дан 23%-ға) облыстарында да тіркелген.

Ал шекара маңындағы өңірлерде жағдай басқаша. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында Ресейдің үлесі әлі де 50%-дан жоғары, бұл аймақтардың өндірістік ерекшелігі мен логистикалық жақындығымен түсіндіріледі. Тіпті Атырау облысы 2021–2025 жылдары ресейлік тауарлардың үлесін 22%-дан 27%-ға дейін өсірген.

Жалпы алғанда, Қазақстан ресейлік жеткізілімдерге тәуелділікті біртіндеп азайтып келеді. Бірақ өңірлер арасындағы айырмашылық өте айқын – диверсификация процесі біркелкі емес және тепе-теңдікке келтіру үшін әлі де қосымша қадамдар қажет. Айтқанда, негізгі құлдырау инвестициялық және өндірістік тауарлар есебінен болып отыр, ал азық-түлік пен отын-энергетикалық өнімдер бойынша тәуелділік әлі де 50–60% деңгейінде.

Инфографика 03: Еліміздегі өңірлердің  Қытай импортына тәуелділігі

Қытайдың үлесі 2021 жылдан бері 20%-дан 29%-ға өсті

Бұл өзгеріс Қытайдан келетін импорттың 86%-ға өсуі нәтижесінде мүмкін болды — 2021 жылғы 8,2 млрд доллардан 2024 жылы 15,3 млрд долларға дейін. 2025 жылдың алғашқы жартысында да өсім жалғасты: импорт тағы 23%-ға артып, 8,3 млрд долларға жетті. Осылайша, Қытай биыл Қазақстанның басты импорттаушысына айналып, Ресейді алғаш рет басып озды.

Қытай тауарларының ықпалы әсіресе оңтүстік өңірлерде күшейді:

  • Шымкентте үлесі 12%-дан 36%-ға көтерілді.
  • Жамбыл облысында – 16%-дан 48%-ға.
  • Түркістан облысында – 8%-дан 41%-ға.
    Жетісу – рекорд орнатқан аймақ: импорттың 83%-ы Қытайдан келеді.
    Алматы мен Астанада да көрсеткіш өсіп, тиісінше 30% және 23% болды.

Өнеркәсіптік аймақтарда өсім баяуырақ:

  • Павлодарда – 8%-дан 21%-ға,
  • Қостанайда – 9%-дан 23%-ға,
  • Қарағандыда – 9%-дан 24%-ға.
    Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары Қытай импортына ең аз тәуелді өңірлер ретінде қалуда — 10%-дан төмен.

Қазақстанның оңтүстігі қарқынды түрде қытайлық тауарларға ауысып жатыр, ал солтүстік және шекаралас өңірлер әлі де ресейлік импортқа тәуелді. Сонымен бірге, Қытайдан келетін көптеген тауарлар алдымен Алматыға түсіп, содан кейін елдің басқа аймақтарына тарайтынын ескеру маңызды.

Қорытынды

Қазақстанның импорт құрылымындағы соңғы бес жылдық өзгерістер елдің экономикалық бағытына жаңа реңк қосты. Ресей бұрынғыдай жалғыз «нөмір бірінші» серіктес емес – оның үлесі едәуір төмендеді. Ал Қытай керісінше, қарқынды өсіп, 2025 жылы алғаш рет Ресеймен тең деңгейге шықты. Бұл  жай ғана статистикалық ауытқу емес, аймақтық экономиканың жаңа шындығы.

Қазақстан осы кезеңде импортты әртараптандырудың тиімділігін көрді: тәуекелдер азайды, логистика бағыттары кеңейді, бәсекелестік күшейіп, нарықтағы баға саясатына да оң әсер етті. Әлемдік геосаясат құбылып тұрған уақытта мұндай теңгерімді көзқарас ел үшін стратегиялық артықшылық.

Алдағы жылдары Қытайдың үлесі әлі де өсуі мүмкін, себебі оның тауар ұсынысы кең, логистикасы жылдам, бағасы бәсекелі. Ресейдің үлесі геосаяси ахуалға тәуелді болып қала береді. Бірақ бір нәрсе анық: Қазақстан импорт нарығы енді көпполярлы кезеңге кірді.

Бұл кезеңде біздің елдің басты міндеті – кез келген серіктеске тәуелділікті шектеп, тиімді сауда саясатын қалыптастыру. Экономикалық тұрақтылық дәл осындай баланстан басталады.