Жаңалықтар

Павлодар облысының әкімі желі жұлдызына айналды

Асайын Байханов / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желілерде, әсіресе, Threads платформасында ерекше белсенділігімен көзге түсіп, желі қолданушыларының назарын аударды. Қарапайым, әзілге жақын жауаптары мен еркін стилі қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Желі қолданушылары әкімнің парақшасына жиі пікір қалдырып, түрлі сұрақтар қояды. Тіпті бірі ауа райына қатысты «Қар қайда?» деген сұраққа Байханов:

«Аяз болады, боран болады, өткен күндер ұмыт болады», – деп әзілдеп әрі байыпты түрде жауап берді.

Тағы бір пікір иесі: «Неге бәрі Павлодар қаласының әкіміне қадалып қалған?» – деп сұрағанда:

«Соны айтамын, басқа адам жоқ па не?», – деп жазып, мыңдаған лайк жинады.

Әкім өзінің онлайн тәртібі туралы да пікір білдірді

Асайын Байханов Threads парақшасында өзінің желідегі мінез-құлқы жайлы да түсінік берді.

Инстаграмда 66 мыңнан астам жазылушы бар екенін, бірақ ешкімді блоктамайтынын атап өтті. Threads желісінде ресми емес, қарапайым адам ретінде қатысып жүргенін, бірақ мұнда әдепсіздікке жол бермейтінін айтты.

«Жек көретін комментарийлер мұнда банға кетеді. Инстада бәрін оқимын, ойланып, мұқият қараймын», – деді ол.

Сонымен қатар әкім желідегі жаңа трендтерді үйреніп жүргенін, «red flag» және «green flag» секілді терминдермен енді танысқанын әзіл араластырып жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысы әкімінің әпкесі Айгүл Байхан мас болып көлік жүргізгені үшін ұсталды. Әкімнің өзі де бұл іске қатысты пікір білдірген еді.