Қоянбаевтың фильміне тегін түскен Голливуд жұлдызы Тагава қайтыс болды

Жарияланды 5 Желтоқсан 2025 12:03

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: скрин

Голливуд жұлдызы, актер Кэри-Хироюки Тагава 75 жасында дүниеден өтті. IMDb мәліметінше, актер инсульттің асқынуынан Санта-Барбарада, отбасы қасында көз жұмған.

Кэри-Хироюки Тагаваның қазақ көрерменімен байланысы

Нұрлан Қоянбаев Америкада My Love is Aisulu фильмін түсірген кезде голливудтық актерлермен келіссөз жүргізгенін, олардың барлығы үлкен гонорар сұрағанын айтқан еді. Ал Тагава мүлде басқа шешім қабылдапты.

«Нұрлан, егер мен сенен гонорар сұрасам, сенің фильміңнің ақшасы таусылып қалады. Сондықтан мен тегін түсемін», – деген екен Тагава.

Осылайша, Кэри Тагава жобаға ақысыз қатысып, қазақ киносына деген құрметін көрсеткен.

Әлемге танылған жолы

1950 жылы дүниеге келген актер алғашқы рөлдерін жас кезінде-ақ ойнады. Алайда оның үлкен кинодағы нақты жарқырауы – Бернардо Бертолуччидің «Соңғы император» фильміндегі жұмысы болған.

Кейін Джеймс Бонд франшизасындағы «Лицензия на убийство» фильмінде басты антагонист Квангтың рөлін сомдап, Голливудта өз орнын нығайтты. Драмаларда да, экшн жанрында да сенімді ойнайтын әмбебап актер ретінде танылды.

Кэри Тагава үшін басты танымалдықты 1995 жылғы Mortal Kombat фильміндегі Шанг Цунг рөлі алып келді. Бұл кейіпкер актердің визит картасына айналды.

Актер әр сұхбатында бұл рөлдің өз өмірінің бір бөлігіне айналғанын, фанаттарының оған ерекше ықылас танытатынын мақтанышпен айтатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрлан Қоянбаев Threads желісінде әр сәрсенбі сайын Қазақстан күнін атап өтуді ұсынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз