Жаңалықтар

Тауарын Ұлттық каталогқа енгізбеген кәсіпкерге айыппұл салына ма

Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, кәсіпкерлер тауарды Ұлттық тауарлар каталогына көтерме сатушылар немесе басқа да сатушылар енгізбеген жағдайда ғана енгізуге тиіс. Ал егер кәсіпкер жаңа тауар жеткізіп, оны бірден каталогқа қоса алмаса, оған ешқандай айыппұл салынбайды.

2025 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Ұлттық тауарлар каталогы (ҰТК) іске қосылады. Елде сатылатын барлық тауар осы жүйеге енгізіліп, әрқайсысына өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін бірегей NTIN коды беріледі. Алайда кәсіпкерлер арасында: «Каталогқа қосылмасақ, жаза қолданыла ма?» деген сұрақ туындаған.

ОКҚ брифингінде Ержан Біржанов қазір каталогта 15 миллионға жуық тауар позициясы барын айтты. Барлық негізгі есеп жүйелерімен интеграция аяқталған. Оның сөзінше, егер белгілі бір тауарды біреу бұған дейін енгізсе, қайтадан жүктеудің қажеті жоқ. Онда штрих-код сканері оны автоматты түрде танып алады.

«Егер тауар жаңа, бірегей немесе жаңадан өндірілген болса, оны каталогқа енгізіп, NTIN нөмірін алу қажет. Дегенмен өндіріс процесін тоқтатуға болмайтынын, келісімшарттардың үзілмеуі керегін ескеріп, біз жүйені кезең-кезеңімен енгізуді қарастырдық. Мысалы, каталогта сіздің тауарыңыз болмаса да, сіз түбіртек бере аласыз, электронды шот-фактураны да рәсімдей аласыз. Бұл бағытта ешқандай шектеу не бұғаттау жоқ. Мұндай жағдайда тауарға уақытша NTIN нөмірі беріледі, кейін оны міндетті түрде нақты нұсқасына сәйкестендіру қажет», – деді вице-министр.

Вице-министр тауарды каталогқа енгізбегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделмегенін ерекше атап өтті. Жаңа жылдан бастап өнім өткізуге ешқандай кедергі болмайды.

«Біз ірі сауда желілерімен пилоттық жоба жүргіздік – үш-төрт сауда желісіндегі барлық тауар каталогқа енгізілді. Сондай-ақ 1С және өзге де жүйелер фискалдық деректер базасымен интеграцияланған, сондықтан тауарлардың каталогта бар екеніне бірден көз жеткізуге болады. Сол үшін қайталай енгізудің қажеттілігі жоқ», – деді Біржанов.

Бұған дейін кәсіпкерлер 2025 жылы 1 қаңтардан бастап Ұлттық тауарлар каталогын енгізуді кейінге шегеруді сұраған еді. Олар жаңа талап сауда үдерісінің баяулауына немесе уақытша тоқтап қалуына әкелуі мүмкін деп алаңдайды.