Миллиардер компаниясы Семейде 25 мың орындық жаңа стадион салып жатыр

Семей қаласында 25 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысы басталды. Нысан «Smart City» ықшамауданында салынады. Жобаны миллиардер Владимир Кимнің KAZ Minerals компаниясы жүзеге асырады. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Семей – қазақ футболының отаны
2025 жылғы 4 желтоқсанда Семей облысының әкімі Берік Уәли стадион құрылысымен танысты.
«Бүгін, міне, стадион құрылысы басталды. Осы жұмысты бәсеңдетпей, жалғастыру қажет. Қаржысы кезең-кезеңімен бөлінеді. Бұл – семейліктердің көптен күткен жаңалығы. Семей – қазақ футболының отаны», – деп мәлімдеген әкім.
Жер телімінің жалпы аумағы – 20 гектар. Стадион құрылысы 2 жылдан кейін аяқталады.

Семей жұртшылығы жаңа стадион керек екенін көптен бері айтып жүр. Енді жергілікті жанкүйерлер көлемі жағынан елдегі төртінші ірі алаңда «Елімай» футбол клубына қолдау көрсете алады. Әкім жаңа стадионнан халықаралық матчтарды тамашалағысы келеді.
«Нысан әзірге Астана, Алматы, Ақтөбеден кейінгі сыйымдылығы жағынан құрылысы жоспарланған стадиондардың арасында 4-орын алады. УЕФА-ның матчтарын қабылдауға мүмкіндік туады, олардың стандарттарына сай келеді», – дейді Уәли.

Стадионды кім салады
Әкімдік мәліметінше, Семей қаласы әкімдігі мен KAZ Minerals арасында меморандум жасалған. Компания құрылысты бастау үшін 15 млрд теңге бөлген. Құрылысты жүргізетін мердігер ұйыммен үш жақты келісімшарт жасалған.
KAZ Minerals Қазақстандағы ең дәулетті адамдардың бірі Владимир Кимге тиесілі. 64 жастағы кәсіпкер компанияның 63,5% үлесіне ие. Қалған акциялар Олег Новачукқа тиесілі. Компания негізінен мыс өндірумен айналысады.
Қазір жаңа стадион салынатын құрылыс аумағы қоршалып, жерді қазу, тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға сәйкес аумақта асфальтбетонды жолдар мен алаңдар қарастырылған.
Семей ғана емес, елдегі бірнеше ірі қаласы жаңа стадион салуды көздейді. Ақтөбе 35 мың орындық, Алматы да осынша адамға шақталған жаңа нысан тұрғызады.