Қонаев галстугі мен Тен конькиі миллиондаған теңгеге сатылды

Жарияланды 5 Желтоқсан 2025 16:18

Даниил Девяткин

Даниил Девяткин

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Молданазар
Әнші Ғалымжан Молданазар коньки үшін 2,5 млн теңге төледі / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматыда Social Impact Awards 2025 қайырымдылық аукционы өтті. Онда Дінмұхамед Қонаевтың галстугі мен Денис Теннің раритет конькиі саудаланды. Kursiv.Media жұртқа жақсы таныс тұлғалардың заттары қаншаға сатылғанын білді.

Аукцион лоттары арасында Қазақстан теннис федерациясы, Д.А. Қонаев қоры, Денис Тен қоры, Лермонтов атындағы театр, Герольд Бельгердің отбасы, суретші Әсел Кенжетаева және басқа да тұлғалардың сирек кездесетін бірегей заттары болды.

Көпшіліктің назары ауған лоттардың бірі – атақты мәнерлеп сырғанаушыға тиесілі коньки. Бастапқы бағасы 500 мың теңге болғанымен, құны сауда барысында бес есеге көтерілді. Ең жоғары бағаны қазақ эстрадасының әншісі Ғалымжан Молданазар ұсынды. Ол конькилерді 2,5 млн теңгеге сатып алды.

«Мен Дениспен таныс едім, араласып тұратынбыз. Өте мейірімді, керемет жігіт еді. Сол күндердің естелігі ретінде оның конькилері маған бұйырғанына қуандым», – деді әртіс.

Аукционға қойылған ең қымбат зат – саяси қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың галстугі. Оны қазақстандық бизнесмен Еркін Тәтішев 12 млн теңгеге сатып алды.

Сонымен бірге аукционда Вячеслав Люйконың «Асқанға тосқан» спектакліне дайындаған эскизі, Даниил Медведев қолтаңбасы бар теннис добы, Әсел Кенжетаеваның «Трубка ұстаған әйел» картинасы қойылды. Бұған қоса, Питер Фостер мен Серік Төлекпаевпен кездесу мүмкіндігі сияқты лоттар ұсынылды.

Жиналған 87 млн теңге әлеуметтік жобаларға грант ретінде беріледі, ал аукционнан түскен қаражат із-түссіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын Lider.kz еріктілер бірлестігін қолдауға жұмсалады.

Сондай-ақ оқыңыз