
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қарайтынын, оларды елдің нағыз патриоты деп есептейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
5 желтоқсанда президент Астанада кәсіпкерлерге арналған байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. Ол әлемдегі геоэкономикалық ахуал «өте құбылмалы әрі бұлыңғыр» екенін айтып, кәсіпкерлерге иек артып отырғанын жеткізді.
«Осындай кезеңде бизнес өкілдерінің жасампаздық, отаншылдық қасиеттері айқын көрінеді. Мұндай уақытта кәсіпкерлеріміздің табанды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екені анық», – дейді мемлекет басшысы.
Түрлі кәсіп өкілдеріне «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарын тапсырған Тоқаев көпшілік алдында ағынан жарылды.
«Ел президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, ең алдымен, осы залда отырған бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қараймын», – дейді ол.
Бұдан қалды, президент кәсіпкерлерді «жетістікке жетуден шабыт алатын, өзгелерге үлгі болатын азамат» деп есептейді.
«Сіздер мемлекетіміздің игілігі, экономикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз патриотысыздар», – дейді мақтаудан бір сәт тосылмаған президент.
Бұл ретте мемлекет басшысы еріншектер мен пессимистерді бір түйреп өтті.
«Қандай да бір істе болсын, пессимизмге бой алдыратын, әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдардың жетістікке жетпейтіні ертеден белгілі. Мұны, әсіресе, әлеуметтік желіде уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек», – деп есептейді Тоқаев.
Президент азаматтарға жетістікке жететін жол іздеуге кеңес берді.
Астана қаласында өткен осы жиында Тоқаев қайырымды кәсіпкер үшін «Мейрім» орденін тағайындаған. Сонымен бірге президент шағын және орта кәсіп саласында шешілмеген мәселе көп екенін ашық мойындаған.