Түркістан облысы жеке мектептерді жаңа жүйемен қаржыландыра бастады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Түркістан жеке мектеп
фото: gov.kz

Түркістан облысы әкімдігі «ешбір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайтынын», жаңа жүйемен қаржыландыру басталғанын хабарлады. Бір күн бұрын ғана Kursiv.Media осы өңірдегі жеке мектептер төңірегінде шу басылмай тұрғанын, Шымкентте ата-аналар білім мекемесі алдына жиналғанын жазған.

Өңірде мемлекет тапсырысын орындап отырған 157 жеке мектеп бар. Олардың бәрі 2024-2025 оқу жылының аяғына дейін ақшаны «Қаржы орталығынан» алып келген.

Жаңа оқу жылында тәртіп өзгерді. Енді төлемдер Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.

«Өңірдегі 157 жекеменшік мектеп «e-Qazyna» порталында тиісті құжаттарын жүктеп, келісімшарттар жасалды. Мәліметтер толық тексеріліп, жүйеге жүктелгеннен кейін көрсетілген қызметтердің орындалу актісі рәсімделіп, Қаржы орталығына жолданып жатыр», – деп таратты облыс әкімдігі.

Елдегі жеке мектептер мәселесін шешу үшін жаңа пилоттық жоба іске қосылып отыр.Өңір әкімдігі қазір облыстағы 110 мектепке қаржы аударылғанын мәлімдеді.

«25 мыңнан астам оқушыға және 4 мыңнан астам жекеменшік мектеп қызметкерлеріне ұсынылған құжаттарға сай төлем толық жүргізілді», – деп хабарлады әкімдік.

Қалған жеке мектептер ақысы жыл аяғына дейін «толық көлемде төленеді».

«Қаржыландыру тек нақты оқып жүрген балаларға жүргізіледі. Барлық дерек расталған соң ғана төлемдер рәсімделеді. Ешбір жекеменшік мектеп назардан тыс қалмайды», – деп ескертті облыс басшылығы.

Естеріңізге сала кетейік, 4 желтоқсанда Шымкенттегі жекеменшік «Төрежан» бастауыш мектебінде оқитын оқушылардың жиырмадан аса ата-анасы білім мекемесі алдына жиналды. Айтуларынша, екі күн бұрын мектеп әкімшілігі жаңа жылдан бастап ақылы оқуға көшетінін ескерткен. Ата-аналар бұған түбегейлі қарсы.

Сондай-ақ оқыңыз