Заңсыз мұнай сатқан: Грузия Қазақстанның үш азаматын ұстады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Батуми порт Грузия
Батуми порты / фото: shutterstock

Грузияда Батуми мұнай терминалының лауазымы жоғары үш қызметкері ұсталды. Олар баж салығы төленбеген 10 мың тоннадан астам шикізат сатқан. Терминал «ҚазТрансОйлға» тиесілі. Бұл туралы Kursiv.Media грузин баспасөзі таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлады.

Жергілікті БАҚ дерегінше, Грузия тергеу қызметі Қазақстанның үш азаматын 2025 жылғы 3 желтоқсанда ұстаған. Олар аса ірі көлемдегі мұнайды кеден тәртібіне қайшы әрекетпен сатты деген күдікке ілігіп отыр.

Грузин тергеушілері «Батуми мұнай терминалы» компаниясының басшылығындағы адамдар терминал резервуарындағы 10 мың тоннадан астам шикі мұнайды заңсыз сатқанын анықтаған. Тергеу қызметі салық төленбеген шикізат құнын 15 млн лари немесе 2,8 млрд теңге деп бағалап отыр.

Тергеу органының мәліметінше, қылмыстың ізін жасыру үшін күдіктілер кеден резервуарларын жарамсыз қалдықтармен толтырып қойған.

Осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Тергеушілер шығын көлемін де анықтайды.

Грузин баспасөзі күдіктілер 11 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

«Батуми мұнай терминалы» компаниясының 100% үлесі «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамына тиесілі. Ал оның акцияларының 90%-ын «ҚазМұнайГаз» ұстап отыр. ҚТО грузин терминалын 2017 жылы сатып алған.

Сондай-ақ оқыңыз