
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған сессиясына үндеу жолдады.
Президенті қазіргі қиын кезеңде еріктілер адам өмірін сақтау, қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесу, қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту жолында үлкен миссия атқарып жүргенін атап өтті. Ол елдегі еріктілер қозғалысында айта кетті. Соның ішінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоршаған ортаны қалпына келтіруге, экологиялық жауапкершілік мәдениетін дәріптеуге үлес қосқысы келетін мыңдаған азаматты біріктіргенін атап өтті.
«Осы орайда Алматы қаласын Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық ынтымақтастық хабына айналдыру ниетін құптаймыз. Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы осындай мүмкіндікке жол ашты. Бұл ретте Алматыда БҰҰ Еріктілер бағдарламасының субөңірлік кеңсесінің ашылуы Қазақстанның азаматтық белсенділікті және жаһандық серіктестікті дамытуға бейіл екенін көрсетеді», – деді Тоқаев.
Бұған қоса, Қазақстан президенті әлемдегі барша еріктілерді БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік интеграция және жастарды қолдау бағытындағы бастамаларына қосылып, өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.