Жеті өңірдің жеке мектептері 19 млрд теңге алды

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
теңге
Жеті өңірдің жеке мектептері 19 млрд теңге алды / Фото: Shuttertsock

Қазақстанның жеті өңірінде жекеменшік мектептер көрсеткен қызметтері үшін мемлекеттен шамамен 19 млрд теңге алды. Осыған дейін берілмей келген төлемдер Қаржы министрлігінің OrtaBilim жаңа сервисі арқылы жүзеге асырылды.

Ведомствоның мәліметінше, Ақтөбе облысының мектептері 1,5 млрд теңгеден астам, Маңғыстау – 2 млрд астам, Шымкент – 6,7 млрд астам, тағы Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының мектептері жалпы қосқан 4,8 млрд теңге алды.

«Білім басқармалары мен мектептер арасындағы қаржыландыру туралы шарттарға 60 млрд теңге сомасына қол қойылған – бұл қазірдің өзінде келісімшартқа отырған қаражат. Жергілікті бюджеттен жеке білім беру қызметтерін қаржыландыруға барлығы 79 млрд теңге бөлінді», – делінген хабарламада.

Алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысында берешек толығымен жабылды. 50-ден астам жекеменшік мектеп 4,6 млрд теңгеге келісімшартқа қол қойды, оның 2,1 млрд теңгесі төленді. Қалған қаражат алдағы күндері аударылады.

Ведомство бұрын өтініш беру процесі бір айға дейін созылғанын атап өтті, өйткені құжаттар бірнеше жүйе арқылы өткен. Қазір тіркеу бір қызмет арқылы жүзеге асырылады.

OrtaBilim деректері бойынша Қазақстанның жекеменшік мектептері барлығы 72 млрд теңгеге өтінім берді. Екі өңірде – Шымкент пен СҚО-да өтінімдер сомасы бөлінген бюджеттен асып түскен.

Шымкентте 133 жекеменшік мектептегі бірінші ауысымда оқитын оқушыларға қаражат аударылған еді. Ал екінші ауысымда оқитындарға қаражаттың жоқтығына байланысты ақша әлі аударылған жоқ. 

Сондай-ақ оқыңыз