Алматыда жасөспірімдер ұсталатын жаңа колония ашылды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: ІІМ

Алматы қаласында кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің жаңа мекемесі ресми түрде жұмысын бастады.

Polisia.kz мәліметінше, оның жұмысымен ішкі істер министрі Ержан Сәденов танысқан. Жоба мемлекеттік және жеке меншік сектордың әріптестігі аясында ІІМ ҚАЖК, Алматы қаласы әкімдігі және жеке компанияның қатысуымен салынған. Оған мемлекеттік бюджеттен қаржы кетпеген.

«200 орынға есептелген бұл мекемеде сотталғандармен жұмыс халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұл – қылмыстық-атқару жүйесін жаңғыртудағы, сотталғандарды қайта әлеуметтендірудегі, заң мен Тәртіпті нығайтудағы маңызды қадам. Колонияда жасөспірімдерге арналған қауіпсіз, заманауи және психологиялық жағынан жайлы жағдайлар жасалған. Әсіресе білім беру мен әлеуметтік жұмысқа баса мән берілген», – деп хабарлайды ІІМ.

Кәмелетке толмаған сотталғандар BINOM мектебі мен колледжінде оқып, сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Атап айтқанда, дәнекерлеу ісі, тігін өндірісі, шаштараз өнері және тағы да басқа. Олармен тәрбиешілер, психологтар жұмыс істеп, жан-жақты қолдау көрсетеді.

Нысан аумағында:

  • кітапхана мен акт залы;
  • асхана мен медициналық пункт;
  • футбол алаңы, баскетбол залы, workout-алаңшасы;
  • оқу сыныптары мен өндірістік шеберханалар орналасқан.

Білім беру, кәсіби даярлық, психологиялық қолдау сотталғандарға қоғамға қайта оралғанда өзгерістерге дайын болуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл жасөспірімдердің бостандыққа шыққаннан кейін ортаға бейімделуіне және қайталанған құқық бұзушылықтардың азаюына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыз