
Қазақстанда деменцияға шалдыққан адамдардың нақты есебі жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, ресми тіркеуде шамамен 10 мың адам ғана бар. Алайда диагноз қоюдың күрделі болуына байланысты бұл көрсеткіш одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Әлем бойынша деменциямен 57 миллионға жуық адам өмір сүреді, әрі халықтың қартаюы салдарынан олардың саны жыл сайын артып келеді. Осы деменцияның алдын алуға бола ма және қандай әдістер шын мәнінде көмектеседі – соны қарастырайық.
Деменцияны алдын алуға болатын жағдайлар
Деменция – бір ауру емес, ми жасушаларының біртіндеп жойылуына және когнитивтік функциялардың, әсіресе жадтың төмендеуіне әкелетін аурулар тобы. Бұл топқа альцгеймер ауруы, тамырлық деменция, Леви денешіктері бар деменция, пик ауруы және сирек кездесетін басқа да түрлер кіреді.
Аурудың себептері әртүрлі. Альцгеймер, Пик немесе Леви денешіктері деменциясының даму тетіктері толық зерттелмеген. Ал тамырлық деменция нақты себеппен – ми қантамырларындағы қан айналымының бұзылуынан өршиді. Көп жағдайда бұған бақылаусыз гипертония немесе қант диабеті әкеледі.
Деменцияның тұқым қуалайтын түрлері де бар. Мысалы, отбасылық Альцгеймер ауруы өте сирек кездеседі – барлық жағдайдың бір пайызы. Мұндай кезде ауру отбасының бірнеше буынында қайталанып, белгілері әдеттегіден ерте – 65 жасқа дейін басталады. Пик ауруы да кей жағдайда (30–40%) тұқым қуалайды, бірақ жалпы алғанда сирек. Бұл түрлердің алдын алу қиын, өйткені олар белгілі генетикалық ақаулармен байланысты.
Дегенмен деменцияның басым бөлігі – көпфакторлы жағдай. Яғни белгілі бір тұқым қуалаушылық болуы мүмкін, бірақ өмір салты мен қоршаған орта факторларының әсері де зор. Олардың кейбірін өзгерту мүмкін емес: мысалы, ауа сапасы немесе қоршаған ортаның жалпы жағдайы. Ал өмір салтына байланысты факторлар – адамның өз қолында. Сондықтан деменция қаупін айтарлықтай төмендетуге болады. «Ланцет» журналындағы зерттеулер бойынша, деменция жағдайларының шамамен жартысын алдын алуға немесе кешіктіруге мүмкіндік бар.
Қандай өмір салты деменцияның алдын алуға көмектеседі?
Ең алдымен дұрыс тамақтану, жеткілікті физикалық белсенділік, сапалы ұйқы және темекі мен алкогольден бас тарту маңызды.
Дене салмағын қалыпты ұстау қажет, себебі артық салмақ пен семіздік қант диабеті мен жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін арттырады. Егер гипертония немесе диабет диагнозы қойылған болса, оларды тұрақты бақылауда ұстап, дәрігер ұсынған емді уақытылы қабылдау – тамырлық деменцияның ең тиімді профилактикасы және басқа түрлердің де қаупін азайтады.
Ауруларды дер кезінде анықтау да маңызды. Артериялық қысымды 18 жастан бастап әр үш жыл сайын, ал 40 жастан кейін жыл сайын өлшеп отырған жөн. Үй жағдайында 120/70–э-135/85 мм сын. бағ. аралығы – жоғары, ал 135/85-тен жоғары көрсеткіш – гипертония саналады. Мұндай кезде дәрігерге қаралу қажет. Артық салмағы бар 35 жастан асқан адамдар екі жылда бір рет қанның қант деңгейін тексертіп тұрғаны дұрыс – оларда II типті диабет жиі кездеседі.
Деменция қаупін арттыратын басқа факторлар да бар. Мысалы, қандағы холестериннің жоғары болуы. Сондықтан 40 жастан асқан, семіздігі бар немесе темекі шегетін адамдар липидтік профильге талдау тапсыруы тиіс. Егер айқын бұзылыстар анықталса, холестеринді төмендететін статиндер туралы дәрігермен кеңескен жөн.
Бас миының жарақаты да деменцияға әкелуі мүмкін. Шаппа-шап спорт түрлерімен айналысатын жастар міндетті түрде басты қорғайтын құралды қолдануы керек. Егде жастағы адамдар үшін үй ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құлаудың алдын алу маңызды. Сондай-ақ есту мен көрудің нашарлауы, депрессия когнитивтік функцияларды әлсірететіндіктен, мұндай белгілер пайда болса, маманға қаралу қажет.
Ой еңбегі мен әлеуметтік белсенділік те профилактикада маңызды рөл атқарады. Әрине, бұл деменциядан толық қорғайды деп айту қиын, бірақ жаңа дағдыларды меңгеру, үнемі интеллектуалдық белсенді болу және әлеуметтік оқшауланудан қашу когнитивтік құлдырау қаупін азайтады. Ал түрлі «ми жаттықтыру» қосымшалары когнитивтік функцияларды тек уақытша жақсартатынын зерттеулер дәлелдеген.
Деменцияның алдын алатын дәрі бар ма?
Қазір деменцияның дамуын дәлелді түрде алдын алатын бірде-бір дәрі жоқ. ДДСҰ когнитивтік бұзылыстарды баяулатады делінетін тағамдық қоспаларды да ұсынбайды.
Ғалымдар профилактиканың әртүрлі әдістерін зерттеп жатыр. Соңғы деректер бойынша, белдеулік теміреткеге қарсы вакцина деменция қаупін төмендетуі мүмкін. Бұл ауруды желшешек тудыратын вируспен бірдей герпес вирусы қоздырады. Герпеспен ауырған адамда вирус жүйке жүйесінде өмір бойы жасырын қалып қояды. Иммунитет әлсіреген кезде ол белсеніп, тән бөртпе мен қатты ауырсыну туғызады. Бұл көбіне егде жаста байқалады.
Зерттеулер герпестің үшінші типі деменциямен байланыста болуы мүмкін екенін, ал вакцинация қаупін 20% төмендететінін көрсетеді. Қазір рекомбинантты Shingrix вакцинасы қолданылады, бірақ Қазақстанда бұл препарат та, оның бұрынғы тірі нұсқасы да жоқ. Вакцинаны тек Еуропа сияқты препарат тіркелген елдерде салдыруға болады. Ол 50 жастан асқандарға, ал қауіп тобына кіретін адамдарға – 18 жастан бастап ұсынылады.