«Нарынқол» заставасында өрттен әскери қызметтегі азамат пен оның баласы қаза болды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Павлодар облысында ер адам әйелі мен үш қызын өрттен құтқарып, өзі көз жұмды / фото: Kursiv.Media мұрағаты
Фото: kursiv.media мұрағаты

Алматы облысындағы «Нарынқол» шекара заставасының аумағындағы қызметтік үй өртке оранған.

Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі таратқан.

«2025 жылы 6 желтоқсанда Алматы облысындағы «Нарынқол» шекара заставасының аумағындағы қызметтік үйде өрт шықты. Өрт ТЖД күштерімен сөндірілді. Төтенше жағдайдың салдарынан әскери қызметші мен оның баласы қаза тапты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – делінген хабарламада.

Шекара қызметі қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғыға ортақтасып көңіл білдірді. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Еске сала кетейік, жақында Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында өрттен 13 адам мерт болған еді. Олардың 10-ы – бала. Үшеуі үй иесі, оның анасы мен әйелі. Аман қалған екі адам үй иесінің ағасы мен жеңгесі. Олар да осы өртте 5 баласынан айырылды. 

Алғабастағы өрттен аман қалған екі адам Шымкенттегі арнайы орталықтан шығарылып, Шардара аудандық ауруханасына жатқызылды.

Сондай-ақ оқыңыз