Жаңалықтар

Бас прокуратура алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертті

Фото: ашық дереккөзден

Бас прокуратура интернет-алаяқтықтың жаңа әдісі пайда болғанын хабарлады. Алаяқтар «Авторизациядағы қате», «домофонды ауыстыру» немесе «есептегіштерді тексеру» деген сылтаумен азаматтардың өздерін қайта қоңырау шалуға мәжбүрлейді.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қатерлерді болжау орталығының дерегінше, алаяқтар жеткізу қызметтері, банктер және басқарушы компаниялар атынан жаппай хаттар мен SMS-хабарламалар жібереді.

Хабарламалардың желеуі қарапайым: «авторизациядағы қате», «домофонды ауыстыру», «санақ құралдарын тексеру». Олардың басты мақсаты – азаматты көрсетілген нөмірге қайта қоңырау шалуға мәжбүрлеу.

Осыдан кейін алаяқтар адамды әңгімеге тартып, құпия деректерге немесе қаржылық ақпаратқа қол жеткізеді.

Бас прокуратура азаматтарға мынадай қауіпсіздік шараларын ұсынады:

  • сақтық танытып, беймәлім кіріс хат-хабарлар мен қоңырауларға сыни көзқараспен қарау;
  • ұйымдардың ресми сайттарында көрсетілген телефон нөмірлеріне ғана қайта қоңырау шалу;
  • екі факторлы аутентификацияны қолдану;
  • банк карталарының деректерін, SMS арқылы келетін бір реттік кодтарды және өзге де құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу.

Ведомство тұрғындарды сақ болуға және киберқауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысының полиция департаменті жұмыс ұсынып, интернет арқылы aлаяқтық жасау оқиғалары көбейгенін ескертті. Сондай-ақ гипнолог мамандар мұндай жағдайда алаяқты бірден тоқтатуға және әңгімені қауіпсіз аяқтауға көмектесетін үш тиімді фразаны ұсынғанын жазған едік.

Жыл басынан бері елде  16 500-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Киберқылмыскерлермен сөйлескен азаматтар жалпы 34 млрд теңгесінен айырылған.