
Жетісу облысы Қаратал ауданының прокуратурасы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында ашық сот процесін өткізіп, өңірдегі жолдардың жай-күйіне бақылауды күшейтті.
Шараның басты мақсаты – жол ережесін бұзудың салдарын нақты көрсету және инфрақұрылымдағы кемшіліктерді жою.
«Соттың үкімімен кінәлі азамат екі тұлғаның өліміне әкелген ЖКО жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қатысушыларға жол қауіпсіздігі талаптары мен оның салдары түсіндірілді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар прокуратура жолдардың жағдайын тексеріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөніндегі уәкілетті органдардың жұмысын бағалады. Тексеру қорытындысы бойынша бірнеше өрескел құқықбұзушылық анықталып, жауапты тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды. Қауіпті учаскелерге жаңа жол белгілері мен жүргізушілердің назарын аудартатын жануар бейнелі макеттер орнатылды.
Жетісу прокуратурасы барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік ең алдымен әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысы Арыс қаласында полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына қатысты дау туған еді.