Қарыз берерде үйдің жарты құнын сұрайтын Отбасы банк саясатын өзгерте ме

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Серікжан Қобланбаев

Айлығы аз азаматтарға Отбасы банктің 50/50 бағдарламасымен үй алу қиын. Себебі баспана қымбаттаған уақытта оның құнының жартысын жинау оңай емес. Осыны ескере келе Отбасы банк орта таптағы азаматтарға баспана алудың тың тетіктерін ұсына ала ма? Kursiv.Media тілшісі бұл сұрақты Отбасы банк басшысы Ләззат Ибрагимоваға қойып көрді.

Мәжіліс кулуарында сұраққа жауап берген Ләззат Ибрагимова тұрғын үй заңнамасы бойынша, Германияның моделімен жұмыс жалғасатынын айтады.

«50/50 бағдарламасы – классикалық ипотека емес. Бізде жинақтау жүйесі бар. 50 пайыз – заңға сәйкес міндетті талап», – дейді Ләззат Ибрагимова.

Басшысының сөзін іліп әкеткен орынбасары Жансұлтан Матай «50 пайыз жинақтау қиын екенін түсінеміз» дейді, бірақ кезекте тұрған азаматтарға «Наурыз» сияқты жеңілдетілген бағдарламалар барын атап өтті. Тұтынушыдан үй бағасының жарты құнын талап ету – банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп тұрғанын айтады.

«Заң бойынша, кемі үш жылдың ішінде үй бағасының жартысын жинап шығу керек. Орта есеппен бізде ол ақшаны 5-6 жылда жинайды. Біз бір жылдары 60 мың, тіпті кейбір жылдары 80 мың адамға дейін несие беріп келдік. Мемлекеттік бағдарламалардың ол жердегі үлесі – 20 пайыз ғана. Қалған барлығы азаматтар жинап, үйін алып жатыр. Шынымен, үй аламын деген азаматтар бес-алты жыл бойы ақша жинап, үйге қол жеткізіп жатыр», – дейді ол.

Бұдан кейінгі мәселені, халықтың әл-ауқаты проблемасын Жансұлтан Матай жалпы мәселе екенін айтып, оны шешу банктің міндетіне жатпайтынын меңзейді.

Мәжілістің қоғамдық палатасында кеше елдегі баспана мәселесі талқыланды. Отырыстан кейін кулуарға шыққан Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның сөзінше, зейнетақы ақшасын сирек кездесетін (орфан) аурулар мен онкологиялық сырқаттарға қатысты жағдайларда ғана алуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз