Жаңалықтар

Тоқаев Финляндия президентін құттықтады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев президент Александр Стуббқа Финляндияның Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.

Бұл жайлы Ақорда ақпарат таратты.

«Президент хатта Суоми ұдайы экономикалық өрлеу, әлеуметтік әділдік және экологиялық орнықтылықты тиімді ұштастырып келе жатқан ел екенін атап өткен. Сондай-ақ Финляндия президентінің таяуда Астанаға жасаған сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда нақты нәтижелерге жетуге мүмкіндік бергеніне тоқталған», – делінген Ақорда хабарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббтың жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс, ал достас фин халқына бақ-береке тіледі.

Еске сала кетейік, биыл қазанда Финляндия президенті Александр Стуббтың Қазақстанға ресми сапармен келген. Сапар барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 15 құжатқа қол қойылды. Құжаттар энергетика, су ресурстары, экология, білім, туризм және өнеркәсіп бағыттарын қамтиды.