Ақмола облысында полицейді көлік қағып өлтірді

Ақмола облысында патрульдік полиция инспекторының қызмет бабын атқару кезінде қаза болуына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Оқиға осы жылдың 7 желтоқсанында Астана – Ерейментау – Шідерті автожолында болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмаған. Жолдағы қауіп туралы ескертіп, жүргізушілерге жылдамдықты төмендету және жолдың тарылуы жөнінде белгі беріп тұрған жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуші патрульдік полиция инспекторын қағып кеткен», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптесінің туған-туыстары мен жақындарына терең және шынайы көңіл айтты. Ведомство бұл факті бойынша жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.
Мұның алдында Шымкентте оқушыны көлік қағып кеткені туралы ақпарат шықты.