
ҚазАвтоЖол Ақтөбе мен Қызылорда облысында жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылғаны туралы шұғыл ақпарат таратты.
«07.12.2025 ж. сағат 11:30-да ауа райының нашарлауына (минус температурада жаңбыр) байланысты республикалық автожолдарда жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді», – делінген хабарламада.
Атап айтқанда, Ақтөбе облысында РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы автожолының 965-1240 (шақырым) учаскесінде шектеу енгізіліп отыр. Ол Қарабұтақ ауылы мен Қызылорда облысының шекарасына дейінгі аймақты қамтиды.
Қызылорда облысында аталған автожолдың 1240-1362 (шақырым) учаскесінде осындай тыйым бар. Шектеу Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейінгі аймақты қамтиды.
Мұның алдында қалың тұманға байланысты Алматы-Қонаев тас жолы жабылған еді.