Астанадағы мектептерде тұмауға байланысты «таңғы фильтр» енгізіледі

Астанадағы мектептерде тұмау мен ЖРВИ бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты «таңғы фильтр» енгізіледі.
Астанада тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай болып отыр.
Tengri Education хабарлауынша, соған байланысты Астананың білім беру ұйымдарында таңғы фильтр – сабақ басталар алдындағы балалардың денсаулығын міндетті түрде күнделікті тексеру жүргізілмек.
Бұл туралы Астананың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева қол қойған санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу қаулысында айтылған.
Құжатқа сәйкес, тіркелген жалпы науқастардың ішінде оқушылар арасындағы аурушаңдық 25 пайыз (3 430 жағдай) болып отыр.
Пациенттерден алынған сынамалардың басым бөлігі (431-дің 213-і) А(H3N2) тұмау вирусын, яғни Гонконг тұмауын көрсеткен. 14 жасқа дейінгі балалар арасында тұмау А(H3N2) 23 пайыз жағдайда анықталған.
Бұдан бөлек, мәдени, мерекелік және спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізуге шектеу сақталады.
Қарсы-эпидемиялық шаралар Астанада ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін күшінде болады.
Мұның алдында Қазақстанда ЖРВИ жұқтыру деңгейі бір тәулікте 13 есе өскені белгілі болды.