Неге жас келе көздің көруі нашарлайды, не істеу керек

Жарияланды 7 Желтоқсан 2025 14:47

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Жас ұлғайған сайын көздің ішкі линзасы – көз бұршағы қалыңдап, икемділігін жоғалтады / фото: сурет ЖИ көмегімен жасалды, бильд-редактор: Юлия Петрова
Жас ұлғайған сайын көздің ішкі линзасы – көз бұршағы қалыңдап, икемділігін жоғалтады / фото: сурет ЖИ көмегімен жасалды, бильд-редактор: Юлия Петрова

Жас ұлғайған сайын көру қабілеті өзгереді. Көп жағдайда, бұл – қалыпты құбылыс. Алайда көздің жасқа байланысты аурулары да бар. Олар көрудің қатты нашарлауына, тіпті толық соқырлыққа әкелуі мүмкін. Бұл жерде жастың ұлғаюымен болатын табиғи өзгерістер, қашан дәрігерге жүгіну керегі және адамның көруі нашарлай бастаса не істеу қажеттігі қарастырылады.

Неліктен және қалай көз жанары жасқа қарай қалыпты түрде өзгереді?

Ең байқалатын өзгеріс – жасқа байланысты алыстан көру, немесе пресбиопия. Оның дамуы көздің табиғи қартаюымен байланысты.

Жас ұлғайған сайын көздің ішкі линзасы – көз бұршағы қалыңдап, икемділігін жоғалтады. Оны цилиарлық, яғни кірпікшелі бұлшықет қоршап тұрады. Бұл бұлшықет көзге жақын немесе алыс объектілерді фокустауға көмектеседі. Бұл процесс аккомодация деп аталады. Адам алысқа қарағанда цилиарлық бұлшықет босаңсып, көз бұршағы жұқарады. Керісінше, жақындағы заттарға қарағанда бұлшықет жиырылып, көз бұршағын дөңестіре түседі. Жас артқан сайын цилиарлық бұлшықет әлсіреп, созылып кетеді. Оған қалыңдап, қатайған «кәрі» хрусталикті басқару қиындайды. Соның салдарынан көз жақындағы заттарды анық көру үшін дұрыс фокустау мүмкіндігін жоғалта бастайды.

40–50 жастан асқан адамдардың көпшілігіне осы себептен арнайы көзілдірік қажет болады. Ал жеңіл миопиясы бар (жақыннан көруі жақсы) адамдарда пресбиопия әдетте кейінірек дамиды. Себебі олар жақындағы заттарды жақсы көретіндіктен, жақыннан анық көру аймағын ұзағырақ сақтайды және орта есеппен 60 жасқа дейін көзілдіріксіз оқи алады. Бірақ миопия жас ұлғайғанымен жоғалып кетпейді. Тіпті күшеюі мүмкін. Сондықтан кейін оларда екі түрлі көзілдірік қажет болады. Бірі оқу үшін, екіншісі алысты көру үшін.

Пресбиопиядан бөлек, жас ұлғайған сайын түстерді ажырату қабілеті нашарлайды. Мысалы адамға қою көк пен қара түсті айыру қиындайды. Сондай-ақ көз жарық деңгейінің өзгеруіне баяу бейімделе бастайды. Қараңғыдан жарыққа шығуға немесе жарық өшірілгеннен кейін қараңғыға үйренуге көп уақыт кетеді.

Жасқа байланысты жиі кездесетін көз аурулары

Жас ұлғайған сайын үш көз ауруының даму қаупі айтарлықтай артады. Біріншісі – катаракта. Яғни көз бұршағының бұлдырлануы. Мұндайда көру күңгірттеніп, кейде қос көрінуі мүмкін. Ал көзілдірік жағдайды түзете алмайды. Өйткені мөлдір емес көз бұршағы жарықтың тор қабыққа жетуіне кедергі жасайды. Бұл көзді таңғышпен жапқанмен бірдей әсер береді.

Екінші ауру – глаукома. Шын мәнінде, бұл – көз ішіндегі қысымның жоғарылауымен байланысты аурулар тобы. Бастапқы кезеңдерінде оның ешқандай белгілері болмайды. Бірақ уақыт өте келе жоғары қысым көру нервін зақымдайды. Нәтижесінде адам мүлдем көрмей қалуы мүмкін.

Үшінші ауру – жасқа байланысты макулярлық дистрофия. Мұнда көздің тор қабығының орталық бөлігі зақымданып, жарықты қабылдайтын рецепторлық жасушалар сөзбе-сөз өліп қалады. Мұндай жағдайда адамның көз алдында қара дақ пайда болуы мүмкін. Немесе ол тура алдында тұрған заттарды анық көре алмай қалады. Бұл кезде, катарактадағы сияқты, көзілдірік көмектеспейді.

Бұл – жасы ұлғайған сайын жиі кездесетін көз ауруларының бәрі мұнымен бітпейді. Бірақ қалғандарының көбі басқа созылмалы ауруларға байланысты. Мысалы, қандағы қант деңгейін бақылай алмайтын қант диабеті бар адамдарда диабеттік ретинопатияның – тор қабықтың зақымдану қаупі жоғары болады.

Көру нашарласа не істеу керек

Офтальмологқа қаралу. Көру қабілеті нашарлаған кез келген жағдайда міндетті түрде дәрігерге жүгіну керек. Бұл жасқа байланысты қалыпты алыстан көрудің пайда болуы болса да, офтальмолог көзіңізде одан да күрделі мәселе жоқ екеніне көз жеткізеді. Сізге сәйкес келетін көзілдірікке рецепт жазады.

Қазақстанда симптомдары жоқ адамдар үшін скрининг бағдарламасына 40 жастан 76 жасқа дейін әр екі жыл сайын офтальмолог тексерісі мен көз ішілік қысымды өлшеу кіреді. Халықаралық ұсынымдарға сәйкес, мұндай тексеріс артық деп есептеледі. Өйткені оның пайдасын дәлелдейтін нақты деректер жоқ. Алайда сізде көз жанарыңызға шағымыңыз болса, жоспарлы диспансерлеуден өтіп, көздің жағдайын тексерген жөн. Кейде профилактикалық тексеріске жазылу офтальмологтың қабылдауына кіруден жеңілірек болады.

Терапевтке бару. Көрудің нашарлауы кейде анықталмаған қант диабеті немесе гипертония ауруының салдары болуы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы симптомсыз өтетін мұндай жағдайларды жоққа шығару үшін терапевтке немесе отбасылық дәрігерге қаралған дұрыс.

Темекіні тастау. Темекі шегу  жасқа байланысты макулярлық дистрофия мен катаракта сияқты көз ауруларының қаупін арттырады. Мысалы, катарактаның даму ықтималдығын темекі шегетін адамдарда 2-4 есеге көп кзедеседі. Сондай-ақ бұл зиянды әдет, аталған аурулар бар болса, одан әрі нашарлатады.

Күннен қорғайтын көзілдірік тағу. Күннің ультракүлгін сәулелері көздің қартаюын жылдамдатады. Көзді зақымдайды. Соның ішінде көздің бұршағының бұлдырлануын күшейтеді. Сондықтан күн ашық кезде көзді UVA және UVB сәулелерінен 100% қорғайтын сапалы, күннен қорғайтын көзілдірікпен қорғау қажет. Мұндай қорғаныс туралы белгі көзілдіріктің үстінде болуы тиіс.

Не нәрсе көруді жақсартуға көмектеспейді

Көзілдіріктен бас тарту. Егер жасқа байланысты жақыннан көру нашарласа, көмектесетін жалғыз әдіс – көзілдірік коррекциясы. «Көзілдірік көруді одан әрі нашарлатады» деген — жалған сөз. «Қартаң» көз бұршағын мен аккомодацияға жауап беретін бұлшықеттерді жасарту немесе олардың қызметін қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан көзілдіріксіз оқуға тырысу ештеңені жақсартпайды.

БАД қабылдау. Шабдалы, антиоксиданттар (лютеин, зеаксантин), А дәрумені және басқа да қоспалар көруді жақсартпайды. Оның нашарлауын баяулатпайды да. Теңгерімді, пайдалы тамақтанатын адамға көзге қажет барлық заттар тағамнан түседі. Сондықтан БАД-қа ақша жұмсағанша, күн сайын әртүрлі көкөністер мен жемістерді жеу жақсырақ. Күніне кемінде бес порция (бір порция шамамен 80 г), сондай-ақ майлы балық, дәнді дақылдар және жаңғақтар болуы керек.

Көзге арналған жаттығулар. Зерттеулер мұндай жаттығулардың көруді жақсарта алмайтынын көрсетеді. Олардың пайдасы тек құрғақ көз синдромында байқалуы мүмкін. Егер адам оқығанда немесе компьютерде жұмыс істегенде үзіліс жасап, біршама уақыт жыпылықтап, көздерін қозғап, алыстағы заттарға қараса, бұл көздің құрғауын азайтады. Өйткені осы кезде қасаң қабық табиғи жаспен ылғалданады.

Мұның алдында Қазақстанда деменцияға шалдығып, 10 мың адамның тіркеуде тұрғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз