Семейде әзілкеш боқтық сөз айтқаны үшін бес күн түрмеге отырып шықты


Стендап-әзілкеш Әлібек Жұмабаев бір қойылымы кезінде бейәдеп сөздерді қолданғаны үшін бес тәулікке қамалып, бостандыққа шықты.
Бұл туралы ол әлеуметтік желілерде хабарлады.
Стендап-әзілкеш Әлібек Жұмабаев әлеуметтік желіде өзінің өнер көрсеткен сәтінен видео жариялады. Жазбада оның бейәдеп сөздер айтқаны естіледі. Бұл жарияланым полицияның назарын аударған. Осыдан кейін блогерге қоғамдық жерде жаман сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту шарасы қолданылды.
Сот оны «кінәлі» деп танып, бес тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. 1 желтоқсанда Жұмабаев арнайы қабылдау бөліміне жеткізіліп, 7 желтоқсанда одан босатылды.
Мұның алдында әзілкеш Жахан Отарғалиев Мөлдір Мұқановадан тотықұсын өлтіріп қойғаны үшін кешірім сұраған болатын.