Жаңалықтар

2025 жылы қайтыс болған донорлардан жасалған трансплантация саны 2,6 есеге көбейген

eGov.kz сайтындағы азаматтардың жалпы ерікті ниет білдіру көрсеткіші 27%-ға өсті / фото: ДСМ баспасөз қызметі
eGov.kz сайтындағы азаматтардың жалпы ерікті ниет білдіру көрсеткіші 27%-ға өсті / фото: ДСМ баспасөз қызметі

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде аппараттық кеңес болды. Ол министр Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өтті.

Онда Республикалық трансплантаттауды үйлестіру орталығы елдегі ағза донорлығын дамытудың оң динамикасы туралы есеп ұсынды.

«Қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан жасалған трансплантаттаулардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артты. Ал ағымдағы донорлардың саны 2025 жылдың 10 айында  екі есе  дерлік  – 6-дан 16-ға дейін көбейді. eGov.kz сайтындағы азаматтардың жалпы ерікті ниет білдіру көрсеткіші 27%-ға өсті. Ал келісім үлесі 63%-ға жетті», – деп хабарлады Республикалық трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығының басшысы Айдар Ситқазинов.

2024 жылмен салыстырғанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан жасалатын трансплантаттаулардың саны екі есеге көбейген. Тірі донорлардан жасалатын операциялардың саны 2,5%-ге артып отыр.

Елде бүгінде 11 трансплантаттау орталығы жұмыс істейді. Былтырғы 7 орталық қана болған еді.

Бүгінде 4521 қазақстандық ағза ауыстыруды күтіп жүр. Күту парағындағы пациенттердің арасындағы өлім 4,6%-ға төмендеді.

Сондай-ақ донорлық белсенділік ең жоғары Алматы мен Астана қалаларында, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды.

Айта кететін жайт, 134 мыңға жуық қазақстандық қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болу туралы шешім қабылдаған.