Жаңалықтар

«Едені шөккен»: Түркістан тұрғыны жаңа пәтерінің құрылысына шағымданды

Фото: Видео кадры

Әлеуметтік желіде Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» тұрғын үй кешеніндегі пәтердің қазіргі жай-күйі қызу талқыланып жатыр. Ал облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы пәтердің шөккенін растады.

«Керуен сарай» тұрғын үй кешені Түркістан аласының жүрегінде орналасқан деуге болады. Бастысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тиіп тұр. Қаланың шығыс базары «Керуен-Сарай» кешенінің жалғасы іспетті.

Krisha.kz cайтындағы деректерге қарағанда, Тұрғын үй кешенінің құрылысы 2022 жылы аяқталған. Құрылыс жұмысымен «Сұлтанат Яссы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысқан. Тұрғын үй 2 және 3 қабаттан тұрады. Бүкіл аумағы көгалдандырылған. Монолиттен салынған, Жоғары сапалы жылу және дыбыс оқшаулау, табиғи желдету, металл кіреберіс есіктер, екі қабатты әйнегі бар пластикалық терезелер салынған. Бір аулада 2-3 пәтер бар. 1 бөлмелі 35-50 шаршы метрлік пәтердің қазіргі нарықтағы бағасы 22-30 миллион теңге деп көрсетілген.

Жарнамасы жер жарып тұрған дәл осы тұрғын үй кешенінен ши шықты. Әлеуметтік желі қолданушысының мәліметінше, осы кешеннен 1-бөлмелі пәтер сатып алған.

«Біздің пәтеріміздің қазіргі жай-күйі осы. Үйіміз кәдімгідей төмен қарай түсіп кеткен. Құрылыстан хабары барлар айтыңыздаршы, үй неге төмен түсіп кетеді?» – дейді ол.

Видеоға қарағанда, пәтердің кіреберісінен бастап жуынатын бөлмесіне дейін едені шамамен 5-6 см-ға түсіп кеткен. Есік-терезе жабылмай қалған. Жуынатын бөлменің кафельдері сынған.

«Үйді жөндеп бергеннің өзінде мұнда тұру қаншалықты қауіпсіз?» – дейді желі қолданушы.

Бұл мәселемен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы хабардар. Басқарма мәліметінше, бұл туралы 2024 жылдың қазан айында арыз түскен. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тексерген.

«Тексеру барысында 1-қабаттағы № 19 пәтердің жуыну бөлмесі, кіреберіс дәлізі, асхана едені және балконы, жалпы ауданы 20,2 м² болатын еден жабындысының шөгу фактісі анықталды» делінген басқарма хабарламасында.

Басқарма мәліметінше, тұрғын үйді салған «Султанат Яссы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық пәтерді ішкі әрлеу жұмыстарынсыз тапсырған. Ал пәтер иелері ішкі әрлеу және қондырғыларды орнату жұмыстарын өз бетінше жасаған. Осыған байланысты серіктестік аккредиттелген ұйымдар арқылы пәтердің еден жабындысының шөгу себептерін анықтау мақсатында техникалық қорытынды алу туралы нұсқама берілген.