Жаңалықтар

Эко ұрықтандыру арқылы Ақтөбеде 26 егіз дүниеге келді

эко ұрықтандыру жүктілік
фото: ашық дереккөзден

«Аңсаған сәби» бағдарламасының аясында эко ұрықтандыру арқылы Ақтөбе облысында 448 сәби дүниеге келді. Олардың арасында 26 егіз, бір үшем бар. Сонымен бірге қазір 71 әйел жүкті, деп хабарлады облыстық әкімдіктен.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы үкіметтің бастамасымен 2021 жылдан басталған. Жоба іске қосылғаннан бері облыстағы 1527 жұбына квота берілді. Оның бес жүзге жуығы сәбилі болды.

«Бағдарама аясында пациенттер еліміздегі 19 орталықта экстрокорпоральді ұрықтандыру жүргізді. Оның ішінде отбасылық жұптың 37% Ақтөбедегі перинаталдық орталықты таңдады. Келер жылға 311 квота бөлініп отыр, – деді Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы эко жасатуға кезекке тұрғандар жылдап күтпейтін болды. Жыл сайын мемлекеттен 300 квота бөлінеді. Бұл күту кезегін едәуір азайтты. Қазір 1400 әйел кезекте тұр.

Осы жылы көктемде  көпбалалы ананың екі егізден кейін дүниеге үшем әкелгенін жазған едік. Жүктілік өте сирек кездесетін табиғи жолмен, яғни көмекші репродуктивті технологиялардың көмегінсіз болған.