«Дикий Арман» халықаралық ұйымдардан көмек сұрады – видео

«Дикий Арман» лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиев халықаралық ұйымдардан көмек сұрады.
Ол 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Қазақстанда болып жатқан бассыздыққа байланысты барлық халықаралық ұйымнан көмек сұраймын. Мені қинап, адам құқығын таптап отыр. Сот отырыстары жабық өтіп, президент әкімшілігінің халықтан қаңтар оқиғасына қатысты шындықты жасыруға тырысу тапсырмасын орындап отыр. Адам құқығы жөніндегі ұйым, БҰҰ, Еуропалық парламент және басқа да халықаралық ұйымдардан Қазақстанда болып жатқан бассыздыққа назар аударуын сұраймын», – деген Жұмагелдиев видеода.
Айта кетейік, Жұмагелдиев 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде «бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстаған» деген күдікке ілінді. Іске Жұмагелдиевтен бөлек 43 адамның қатысы болған. Олардың қатарында Махатов қылмыстық тобының мүшесі саналатын кәсіпкер Қайрат Құдайберген мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші департаментінің экс-бастығы Руслан Ысқақов бар.
Үкім 2025 жылдың қаңтарында шықты. Содан кейін Арман Жұмагелдиев үкімге апелляциялық шағым түсірді. Сот алқасы бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.