Стоматологиядағы жағдай: анестезиолог бүлдіршіннің қалай қайтыс болғанын айтып берді

Астанада үш жастағы Зере Есентай Dental Park Ortho стоматологиясында қайтыс болды. Балаға «Севоран» препаратын салған анестезиолог Аида Жұмағалиеваға кәсіби міндетін дұрыс орындамады деген айып тағылды.
2025 жылдың 8 желтоқсанында қылмыстық істегі сотталушы Жұмағалиевадан жауап алынды.
Анестезиолог туралы не белгілі?
Аида Жұмағалиева – Ресей азаматы, 16 және 17 жастағы екі баласы бар. Қазақстанға 2019 жылы келген. Бастапқыда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы облыстық балалар ауруханасында жұмыс істеген. Оралда екі жыл жұмыс істеп, Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығына ауысқан. Ол жерде де екі жыл жұмыс істеп, 2023 жылдан бері Астана қалалық балалар ауруханасында жұмыс істейді.
Дәрігер ретінде 14 жылдық, анестезиолог ретінде 7 жылдық тәжірибесі бар.
Қайғылы жағдай болған күн
Аида Жұмағалиева қайтыс болған қыздың анасына хабарласып, баланың жалпы жағдайын сұрағанын айтты. Сөзінше, анасы марқұм Зеренің ЖРВИ-мен ауырғанын, жөтеліп тұрғанын айтқан.
Сотталушы баланы стоматология ішінде қарағанында ешқандай жөтел болмағанын, ойнап жүргенін көріп, наркоз салған.
Айтуынша, ол баланың қанша тісін емдейтінін білмеген. Себебі тіс емдеуге қатыспаған. Тек қанша уақытқа созылатынын нақтылаған. Бастапқыда кестеде тіс емдеу 2-3 сағатқа созылады деп көрсетілген.
«Өзгеріс анестезиядан оянғаннан кейін бірнеше минуттан кейін басталды. Монитордағы пульс толқынында өзгерістерді көргенде, пульсті бақылауға арналған құрылғыны (пульсоксиметр датчигі) қосамыз. Ол перифериялық қандағы көрсеткіштерді, жүрек соғысын көрсетеді. Пульсоксиметрден жүректің қалыпты жұмысына кері әсер еткен нәрсе пайда болғанын байқадым. Жүрекке массаж жасай бастадым. Осы сәтте жүрек қызметі тоқтаған, оны массажбен алмастырдым», – дейді сотталушы Жұмағалиева.
Содан кейін анестезиолог басқа клиниканың әріптесін шақырған, жедел жәрдем де 5 минут ішінде келген. Анестезиологтың айтуынша, балаға адреналин, атропин және кальций хлоридін салған. Алайда жүрек соғысы қалыпқа келмеген.
Сотталушыдан жауап алу жалғасып жатыр.