
Музыкант, Dj Иманбек Зейкенов Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің экономикалық және қоғамдық өмірінің түрлі салаларын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар берілді. Кейбір азаматтар марапаттау кезінде елден тыс жерде болғандықтан, наградаларын уақытында ала алмаған.
Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында бұл туралы жазба жариялап, марапат тапсырудың өзі үшін ерекше мәртебе болғанын атап өтті.
Бүгін осы құрметті наградаларды өз отандастарымызға табыстау мен үшін айрықша мәртебе болды. «Құрмет» орденімен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы жанындағы Съездің бастамаларын іске асыру департаментінің бұрынғы басшысы Қарлығаш Қалилаханова және «Грэмми» жүлдесін алған тұңғыш қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов марапатталды, – деп жазды министр.
Айта кетейік, Иманбек Зейкенов әлемге танылып, Grammy музыкалық сыйлығын алған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енген.