Қазақстанда кәсіпке кредит алу тым қымбат

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
В Казахстане не будет новой кредитной амнистии
Қазақстан кредит пайыз тым жоғары / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда кәсіп жүргізуге берілетін несие құны Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде ең қымбаты болып тұр. Еуразиялық кеңес мәліметіне сәйкес, Қазақстан кәсіпкерлері үшін ұсынылатын пайыздық мөлшерлеме ЕАЭО мемлекеттерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда қысқа мерзімді несие бойынша орташа мөлшерлеме 19,2% болды. Бұл – Ресеймен салыстырғанда сәл төмен болғанымен, басқа ЕАЭО елдеріндегі көрсеткіштен жоғары. Мысалы, Қырғызстанда 18,2%, Арменияда 13,2%, Беларусьде 11,3%. Яғни, кәсіпкер үшін Қазақстандағы несиенің құны өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай қымбат.

Ал ұзақ мерзімді қарыз бойынша Қазақстан ЕАЭО елдері арасында бірінші орында: кредит 25,1%-бен беріледі. Бұл цифр кәсіпкерге жаңа жобаларды қаржыландырудың қаншалықты қиын екенін көрсетеді. Ресейде бұл көрсеткіш 15,4%, Қырғызстанда 18,2%-ды құрайды.

Несие неге қымбат

Басты себеп – Қазақстандағы базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Базалық мөлшерлеме жоғары кезде банктер несиені қымбатқа береді: төмен пайызбен ақша беру олар үшін тиімсіз әрі қауіпті.

Дегенмен кәсіпкерлер кредит қымбат екеніне қарамастан, несие алуды азайтқан емес. Halyk Research сарапшылар бизнеске берілген несие биылғы тоғыз айда 15% артып, былтырмен салыстырғанда екі есе жылдам өскеніне назар аударған.

Оған қоса, қазақстандық кәсіпкерлер кредитті теңгемен емес, доллармен алып жатыр. Қыркүйек айында бизнеске шетел валютасында берілген несие 238,9 млрд теңгеге өсіп, 5,19 трлн теңгеге жеткен. Бір айлық өсім 4,8%-ды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз