2026 жылдан мемлекеттік сатып алу саласында қосылған құн салығы қалай есетеледі

Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Осыған орай Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау және орындау кезінде қосылған құн салығын есептеу тәртібін нақтылады.
Ең бастысы – келер жылдан мемлекеттік сатып алу шеңберіндегі барлық шарт сомасына 16% мөлшеріндегі ҚҚС есептеледі. Бұл талап келісімшарттың қашан жасалғанына қарамастан, тауар жеткізілген немесе қызмет көрсетілген сәтте жеткізуші ҚҚС төлеуші болса, автоматты түрде қолданылады.
Министрлік түсіндірмесінде мемлекеттік сатып алу жоспарлары ҚҚС-ті ескерусіз жасалатыны атап өтіледі. 2024 жылғы 1 шілдеде күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға және қолданыстағы ережелерге сәйкес жылдық және алдын ала жылдық жоспарлар, сондай-ақ аванс сомасы ҚҚС-сыз көрсетіледі. Яғни ҚҚС жоспарлау кезеңінде емес, тек шарт жасалып, ол орындалған кезде есептеледі.
Салық кодексінің нормалары бойынша ҚҚС тауарлды тапсыру, жұмысты орындау немесе қызмет көрсету актісіне қол қойылған сәтте есептеледі. 2026 жылдан бастап мөлшерлеме 16% болып белгіленген және ол бұрын жасалған келісімшарттарға да қолданылады.
Егер жеткізушінің ҚҚС төлеуші ретіндегі мәртебесі өзгерсе, мемлекеттік сатып алу шартына тек салыққа қатысты түзетулер енгізуге рұқсат беріледі. Бұл ретте келісімшарттың сапа, көлем немесе өзге де негізгі талаптары өзгеріссіз қалады. Бұл норма бюджет қаражатын жоспарлау мен шарттарды орындауды нақтылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алудың веб-порталы жеткізушінің салық мәртебесін автоматты түрде анықтап, келісімшартқа енгізілетін ҚҚС сомасын өзі есептейді. Жүйе тауарлар мен қызметтердің ҚҚС салынатын және салынбайтын бөліктерін де автоматты түрде бөліп көрсетеді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің Салық кодексіне қатысты өтініштерін ескеру керек екенін айтқан.