6,4 трлн теңге: Ұлттық қорды инвестициялық табыс құтқарып тұр

Қазақстанның «қауіпсіздік жастығы» – Ұлттық қорға 11 айда 10 трлн теңге түскен. Соның 6,4 трлн теңгесі – қорды 9 ай басқарудан түскен алынған инвестициялық табыс. Бұл туралы Қаржы министрлігінің есебінде жазылған.
10 трлн теңгенің 3,6 трлн теңгесі мұнай секторы ұйымдарынан алынған салықтардан түскен. Мұнай секторынан түскен қаражат көлемі 3,6 трлн теңгені құрайды.
Оған корпоративтік табыс салығы (1,21 трлн теңге), үстеме пайда салығы (34,5 млрд теңге), бонустар (1,23 млрд теңге), пайдалы қазбаларды өндіру салығы (876,6 млрд теңге), экспортқа рента салығы (338,3 млрд теңге) және өнімді бөлу келісімшарттары бойынша Қазақстан Республикасының үлесі (1,03 трлн теңге) кіреді.
Ұлттық қордағы қаржының күрт азайып кетпеуіне тек инвестициялық табыс себеп болып тұр. Өйткені мұнай компанияларына тұсетін табыс биыл азайған. Ал бюджет тапшылығын жабу үшін ел үкіметі 2025 жылға 5,2 трлн теңге алуды жоспарлап қойған.
Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, өткен 11 айда қордан 4,9 трлн теңге алынған. Оның 2 трлн теңгесі кепілдік берілген трансферт болса, 2,9 трлн теңгені – нысаналы трансферт. Бұл қаржы стратегиялық жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және республикалық бюджетке қолдау көрсетуге бағытталған.
Яғни биыл қордан алынатын қаражат мұнай компанияларына түсетін салықтан асып кетті. Тек инвестициялық табыстың арқасында жыл басында 34,7 трлн теңге болған қордағы қаражат 39,8 трлн теңгеге жетті.
Кейінгі үш жылда бюджеттегі қаржы тапшылығын Ұлттық қор қаржысымен жауып келген үкімет 2026 жылдан қордан қаржы алуды қысқартамыз деп бел буып отыр. Жоспарға сәйкес келер жылы қордан тек 2,7 трлн теңге бөлінбек.