Қазақстандағы Гонконг тұмауы: белгілері мен емдеу жолдарына қатысты нұсқаулық

Елімізде ауа арқылы таралатын вирустар өршитін кезең басталды. Әсіресе А типті (H3N2) һәм «Гонконг тұмауы» жылдам тарап жатыр. Кейінгі екі айда Қазақстанда 2 миллионға жуық адам вирус жұқтырған. Науқастардың 60 пайызы – балалар. Соның салдарынан кей сыныптарда сабақ онлайнға ауыстырылды. Тұмаудың нақты осы түрімен қалай күресуге болады, емдеу жолы қандай – нұсқаулықта толығырақ айтып береміз.
Неге тұмау өршіп кетті
Жергілікті санэпидбақылау департаменттерінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда ЖРВИ, оның ішінде H3N2 штамын жұқтырғандар саны жылдам көбейген. Тұмаудың бұл түрінің ерекшелігі сол – тез тарайды әрі интоксикациясы айқынырақ байқалады. Елде күз-қыс айларында ауа-райы тез құбылатыны белгілі. Оған қоса көп өңірде ауа құрғақ болды, содан вирус қатты тарады. Жалпы алғанда жыл сайын осы мезгілдерде тұмау өршиді.
Оған қоса:
- Күн суыса жұрт даладан гөрі іште көбірек жүреді. Яғни кеңседе, мектепте, сауда және ойын-сауық орталықтарында дегендей.
- Ауадағы ылғал деңгейі де өте төмен. Сондықтан шырышты қабаттар құрғайды да, көбіне вирусқа төтеп беруге күші келмейді.
- Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда адам көп тұратындықтан, бір-біріне жұқтыратын жағдай да көбірек.
Ең жиі кездесетін белгілер
Гонконг тұмауы жылдам жұғады, айналдырған бірнеше сағатта алғашқы белгілері біліне бастайды.
Қазақстандық дәрігерлердің байқауынша, көпшілігінде мынадай симптомдар жиі кездеседі:
- Дене қызуы қатты көтеріледі, тіпті 39-40 °C шамасына дейін болады. Қызу түсіретін препараттардың өзінің күші келмеуі мүмкін;
- Ағза бірден әлсірейді. Бүкіл дене қақсайды. Әсіресе, сүйек пен буын сырқырайды, ұйып қалады;
- Жөтел құрғақ болады, көпке дейін кетіп болмайды. Түнде күшейеді;
- Бас солқылдап ауырады, қозғалғанда көздің айналасы ауыруы мүмкін;
- Тамақ жыбырлайды;
- Күш-қуат азаяды, ұйқы келе береді;
- Кей науқастардың іші өтіп, жүрегі айнып, құсуы мүмкін.
Осы маусымдағы тұмаудың ерекшелігі ретінде симптомдар тұрақты түрде 3-5 күн бойы сақталатыны айтылып жатыр. Яғни бір күн ауырып, ертесіне тұрып кететін жағдай бола бермейді. Көбі айығып болмай, кемі бір аптадай ауырып жүреді екен.
Бұл тұмау кімдерге аса қауіпті
Қазақстанда қатерлі топқа мыналар жатады;
- Беске толмаған балалар;
- Алпыстан асқан қариялар;
- Аяғы ауыр әйелдер;
- Астма, бронхит, ӨСОА-мен (ХОБЛ), жүрегі ауыратын адамдар;
- Диабетпен ауыратын және артық салмағы бар науқастар.
H3N2 асқынған жағдайда: пневмония, бронхит, созылмалы аурулар асқынуы мүмкін.
Егер ауа жетпей, демігіп, қатты әлсіресеңіз, міндетті түрде дәрігерге барғаныңыз жөн.
Қалай емдейміз: дәрігерлер кеңесі
Ең алдымен тұмауды антибиотикпен емдемейтінімізді есте ұстаңыз. Белгілеріне қарап қана ем жасау керек.
Гонконг тұмауы кезінде не көмектеседі
- 2-4 күндей үйде жатып, емделіңіз. Сыртқа шықпаңыз. Басқалара жұқтырмаған дұрыс. Оған қоса, асқындырып алмаудың да бірден-бір жолы – оқшаулану.
- Жылы суды көп ішіңіз. Айран, морс, итмұрын, түймедақ шайларын ішсеңіз болады.
- Қызу түсіретін дәрілер алып қойыңыз. Парацетомол немесе ибупрофен. Сізге нақты қайсысын ішуге болатынын дәрігерден сұрап алуыңыз керек. Мысалы аяғы ауыр әйелге ибупрофен емес, парацетомол ішу керек. Ал балаларға препарат берерде салмағына қарай есептеу керек дегендей. Сондықтан өзіңіз іше бермей, дәрігерден нақтылап алған дұрыс
- Мұрын мен тамақты шайып отырыңыз. Құрамында теңіз суы бар тамшылар мен спрейлерді қолдансаңыз, бітелген мұрныңызды ашуға көмектеседі.
- Осельтамивирң бар (Тамифлю немесе соның баламалары) вирусқа қарсы дәрілер ішуге болады. Бірақ бұл препараттарды белгілер біліне бастағанда ішсеңіз ғана әсері болады. Екі ортада уақыт өтіп кеткен соң емдеуге күші жетпейді.
Қай кезде антибиотик қолдануға болады
Тұмау асқынып кеткен жағдайда ғана дәрігерлер антибиотикке рұқсат береді. Айталық, басында жөтелмен басталған ауру біртіндеп бактериялық пневмонияға ұласты делік. Сондай кезде ғана антибиотиктер қосады. Ал тұмаудың өзіне бола антибиотик керек емес.
Жағдайды қиындататын факторлар
- Бөлмедегі ауа құрғақ. Мейлінше ауаны ылғалдандырғыш алып алғаныңыз абзал. Ауа ылғалдығы қалыпты болса, ауруды асқындырып алмауға ықтимал молырақ.
- Қатты суықтан ыстыққа бірден ауысатын болсаңыз да, әсері бар.
- Дәрігерге мезгілінен кеш барып қалсаңыз да асқындырып алуыңыз мүмкін.
Профилактика: жұқтырып алмас үшін не істеуге болады
Қыста:
- Үйдегі ауаны ылғалдандырып отырыңыз (40–50% болғаны жақсы). Арнайы құрал алып алыңыз. Болмаса, ыдысқа су құйып қойыңыз.
- Бөлмеде ауа жоқ болса, мұрынның шырышты қабаты құрғап қалады. Ол болса, вируспен күресуге кедергі болады.
- Адам көп жерге шығатын кезде медициналық маска тағып жүріңіз.
Балаларға:
- Көбірек су ішкізіңіз. Тамағы құрғап қалмасын.
- 2 сағат сайын масканы ауыстырып тұрыңыз.
- Балалардың далада тоңып қалмауын қадағалаңыз.
Қоғамдық орындарда, автобустарда:
- Беті-қолыңызды басқаларға тигізбеуге тырысыңыз.
- Тұтқаны ұстарда санитайзер сепсеңіз артық болмайды.
Вакцинация
Қазақстанда H3N2 штамын да қамтитын тұмауға қарсы екпелер бар. Оны тіркелген емханаңызға барып салдыра аласыз. Әсіресе:
- балалар,
- қарттар,
- созылмалы ауруы бар науқастар,
- жүктілер (2-триместрден бастап) алғаны жөн.
Әрине, вакцинация сізді тұмаудан 100% қорғамауы мүмкін. Дегенмен жеңіл өткеруіңізге көмектесетіні анық.
Қай кезде дереу дәрігерге қаралу керек?
- Температура 39 °C шамасынан үш күннен астам уақыттан бері түспей жатса;
- Ауа жетпей, деміксеңіз, кеуде тұсыңыз шаншып ауырса;
- Қатты әлсіреп, басыңыз айналса;
- Балаларда тыныс алғанда өкпесінде сырыл естілсе, мүлдем тамақ ішпей, сұлқ түсіп жатып қалса;
- Аяғы ауыр әйелдер кез келген айрықша симптом байқалса, уақыт алмай бірден дәрігерге көрінгені дұрыс.
Тобықтай түйін
Гонкон тұмауы жаңа вирус болмаса да, Қазақстанның климаты мен қалалықтардың өмір салтын ескерсек, оның қатты таралатынын есте ұстаған дұрыс. Сондықтан кез келген жерден жұқтырып алуыңыз мүмкін. Белгілерін дер кезінде байқап, дұрыстап ем жасаңыз. Қандай да бір дәрі ішетін болсаңыз, бірінші дәрігерден сұраңыз.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда ЖРВИ жұқтыру деңгейі бір тәулікте 13 есе өскенін жазған едік.