Қазақстандағы заңсыз онлайн-казиноға банк топ-менеджерлерінің де қатысы бар

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
онлайн казино
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда онлайн-казино арқылы 600 млрд теңгеден астам қаражат шекара сыртына аударылған. Онлайн-казино немесе басқа қызметтер арқылы ақша аударымдарын заңсыз жолмен жүргізуге банк пен финтех компаниялар да көмектескен. Жалпы саны 20-дан асады. Тіпті банктердегі лауазымды тұлғалар да бар деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігінен.

Құзырлы органдар мәліметінше, елдегі заңсыз ойын бизнесі нарығынан трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасы әшкерленді. Олар заңсыз жолмен алған ақшаны банк немесе басқа да ұйымдар арқылы шығарып алып отырған.

Схеманы жүзеге асыру үшін финтех-сервистердің иелері «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID қолданған.

Сондай-ақ құзырлы органдар төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсеткен Call-орталықтың қызметін тоқтатты. Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған.

«Call-орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығаруды жүзеге асырған гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 млн доллардан асып түсті», – деп мәлімдейді агенттіктен.

Заңсыз ойын-бизнесімен күрес аясында «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі бар тоғыз тұлғаға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдіктілердің сегізі – шетел азаматтары, оларды халықаралық іздеуге жариялау үшін материал дайындалып жатыр.

Қаржы мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынғанын ескертеді.

«Мұндай платформалар салық төлемейді, клиенттерді сәйкестендірмейді, балалар мен жастарды белсенді түрде тартады, сондай-ақ халықтың моральдық және психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіреді», – дейді құзырлы орган өкілдері.

Құмар ойындарға көмек көрсетуге, қолдауға бағытталған кез келген әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Жаңа өзгеріс бойынша, құмар ойынды жарнамалаған блогерлер де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Құзырлы органдар онлайн-казинонын жарнамалаған 37 блогерді анықтады.

💵

Сондай-ақ оқыңыз