«Құрамы нашар»: Блогер Мерей Әбілованың премиум сусабыны бағасына тұра ма

Жарияланды 8 Желтоқсан 2025 15:39

Торғын Қабен

Торғын Қабен

«Құрамы нашар»: Блогер Мерей Әбілованың премиум сусабыны бағасына тұра ма
Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Танымал блогер Мерей Әбілова өзінің авторлық өнімін жарыққа шығарды. Шашқа арналған сусабын мен кондиционерін жұртшылыққа ұсынғаны сол-ақ еді сынның астында қалды. Оқырман екіге бөлініп, бірі «отандық өнімге қолдау керек» десе, екінші тарап «өзінің шашына қарамай ма, қалай ұялмай шампунь сатып жатыр» десті. Сондай-ақ, жарнамасында блогер премиум сегментке жатады деген еді. Threads желісінде мұнымен келіспей, «құрамы нашар» деп сөгіп жатқандар да бар. 

Қазақ еліне +1 бренд

Естеріңізде болса, біз бұған дейін де блогерлердің косметика шығаруға белсенді кіріскені туралы жазған едік. Әсіресе, инфлюенсерлер бірінен соң бірі ерінге арналған далап, блаш шығарып кеткен. Енді күтімге арналған косметикасын ұсынғандар саны бірге артты. Instagram желісінде 2,2 млн оқырманы бар Мерей һәм футболшы Димаш Қашкеннің жұбайы осыдан бірнеше күн бұрын Miore атты жеке брендін таныстырды. Бұл туралы ол парақшасында «3 айлық еңбекті алдарыңызда ұсына алатын күн келді. Көп күткен сәт. Арманымнан туған алғашқы өнімім» деп жазған еді. 

Құрамы қандай

Блогердің жазуынша, кореялық технологиямен жасалған премиум сападағы сусабын мен кондиционер бұл. «Нарықтағы бағасы 30-40 мың теңге тұратын өнімдермен сапасы тең. Жиынтық құны – 15900 теңге» деп жазды ол. Олай болса, өнімнің құрамына көз салып, қаншалықты премиум сегментке жататынын талдап көрелік.

Скриншот Miore өнімі салынған онлайн-дүкеннен жасалды

1. Негізгі формуласы

• Cocamide MEA / Cocamide DEA / Hony CMEA

Жақсырақ көпіртіп, шаштың кірін кетіруге көмектеседі. Крем сияқты көпіршік пайда болады. Кемшілігі: премиум брендтер Cocamide DEA компонентін қолданудан қашқақтайды. Себебі ағзаға толықтай қауіпсіз екені дәлелденбеген. Кей елдерде қолданысы шектелген. 

• Cocamidopropyl Betaine

Мұны жұмсақ ПАВ деп айтамыз. Барлық дерлік сусабында қолданылады. 

• Sodium hydroxide

pH формуланы реттеумен айналысады. Бас терісіне қауіпсіз болуы үшін қышқылдықты азайтып/көбейтеді.

• Ethylene glycol distearate

Сыққанда жылтырап, қою текстура болып шығады.

Бұдан шығатын қорытынды:

Мұнда комбинацияланған формула қолданылған. Жұмсақ ПАВ-та, орташа қаттылықтағы компоненттер де бар. Толықтай премиум сапаға сай жұмсақ деп айтуға келмейді.

2. Ылғал беретін және тыныштандыратын компоненттері

• Glycerin (глицерин)  үш жерде кездеседі

Глицеринді классикалық ылғалдандырушы десек болады. Шаштың ұйыспай таралып, бас терісінің құрғамауына көмектеседі. Яғни пайдасы бар. Бірақ сусабын құрамында үш жерде кездескеніне қарап, мұны премиум сегменттен гөрі, қарапайым формулаға жатқызған дұрысырақ. 

• Allantoin (алантоин– бұл да бірнеше рет кездеседі

  • Теріні тыныштандырады
  • Тітіркендірмейді
  • Шашқа тиген кішігірім зақымдарды кетіреді

Дерматологиялық сусабындарда қолданылатын таза ингридиент.

• Polydimethylsiloxane alcohol (силикон)

  • Шашты ұйыстырмайды
  • Оңай тарауға мүмкіндік береді
  • Шашты тегіс қылып жатқызады

Силикондар масс-маркетте де, премиум-сегментте де бар. Бірақ екіншісінде көбіне заманауи, жеңіл силикондар қолданылады. 

3. Белсенді компоненттер мен сығындылар

• Salicylic acid (салицил қышқылы)

  • Қабыршықтанудан қорғайды
  • Қайызғақты азайтады
  • Бас терісінің ұсақ тесіктерін тазартады

Қайызғақтана беретін себорейлі теріге қолдануға жақсы компонент.

• Helichrysum italicum extract (салаубас сығындысы)

  • Қабынуға қарсы 
  • Антисептик ретінде жүреді
  • Теріге күтім жасайды

Бұл сығынды қымбат, сондықтан қымбаттау формулаларда қолданылады.

• RHODOPHYTA extract (қызыл балдырлар сығындысы)

  • Ылғалы ұстап тұрады
  • Теріні құрғатпайды
  • Шашты жұмсақ қылады

Орта және жоғары санатты косметикаларда кездесетін құнды компонент.

• B9-Vitapol (B9 дәруменінің кешені)

  • Фолликулаларды нығайтады
  • Шаштың сапасын жақсартады

Кең таралған компонент деуге келмейді. Бірақ құрамында болса, жақсы.

 4. Комплексондар мен стабилизаторлар

• Disodium EDTA / Dissolvine EDTA-2NA

Судағы тұздың кермектігін байланыстырып, көпіруіне әсер етеді. Формуланың тұрақтылығын жақсартады. Әдеттегі техникалық компонент саналады. Барлық дерлік сусабында кездеседі.

• KAO SOFCARE GP-1 / COSMACOL ELI

Танымал косметикалық шикізат жасайтындар қосатын кондиционерлік қоспа. Қандай әсер береді:

  • Шашты жұмсартады
  • Жылтыратады
  • Антистатикалық әсер береді

Бұл элементтер кәсіби формулаларда жиі кездеседі.

Түйін: бұл өнімді премиум-сегментке жатқызуға бола ма?

Жақсы тұстары:

  • Өсімдік сығындылары бар (салаубас, қызыл балдырлар)
  • Фирмалық күтім компоненттері бар (KAO SOFCARE, COSMACOL)
  • Салицил қышқылы бар. Нағыз жұмыс істейтін актив деуге болады 
  • Дәрумендер кешені бар. 

Кемшіліктері:

  • Құрамында Cocamide DEA бар. Қымбат брендтер мұны көп қолданбайды
  • Арзан компоненттер қайталанады. Мысалы глицерин мен алантоиннің 2-3 жерде кездесетінін премиум формулаға тән деп айта алмаймыз
  • Бірегей технология, пептидтер, амин қышқылдары, шашты нығайтатын жоғары кешендері жоқ.
  • Арзан перламутризатор бар (ethylene glycol distearate)
  • Инновациялық ПАВ-тар емес, классикалық түрлері қолданылған.

Қорыта айтқанда:

Бұл өнімді ортага сегментке жатқызуға болады. Яғни масс-маркеттен бір бас жоғары тұруы мүмкін. Активтер жиынтығы мен күтім жасайты сығындылар қосылған. Бірақ толықтай премиум-сегменттің сапасына сай деуге келмейді. Өйткені құрамында ескірген ПАВ-тар бар, Cocamide DEA сияқты күмәнді һәм даулы компонент бар. Формуласын технологиялық немесе қымбат деп санауға болмайды.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жеке бизнесі бар қазақстандық инфлюенсерлер туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз